Жамбыл облысында бюджет ақшасына көзсіз қол салғандар сотталды

Сағыныш Сардарова 01 там. 2025 10:20

Жамбыл облысында бюджет ақшасына көзсіз қол салғандар сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz

300 млн теңгеден аса бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шықты. Бұған дейін Жамбыл облысының прокуратурасы "Меркі тәжірибе шаруашылығы" ЖШС мен "Жеміс-жидек" ЖШС қызметіне тексеру жүргізіп, аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру деректерін анықтаған.

"Бұл деректер бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеуді жүргізу облыс прокуратурасының арнайы прокурорларына жүктелді. Яғни 2015-2022 жылдар аралығында ЖШС басшылары қол астындағы қызметкерлердің көмегімен жеміс ағаштарының көшеттерін сатумен байланысты құжаттарды қолдан жасап, сатылған өнім көлемін әдейі асыра көрсеткені анықталды. Алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде олар мемлекеттен 321 млн теңгеден аса көлемде заңсыз субсидия алған. Қылмыстық іс аясында айғақтар толық жиналып, күдіктілерге ҚК-тің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 385-бабы 2-бөлігі (алаяқтық және жалған құжаттарды қолдан жасау) бойынша айып тағылды", - деп жазылған хабарламада.

2025 жылғы 23 шілдеде Меркі аудандық соты күдіктілерді кінәлі деп таныды. ЖШС басшыларына 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ, 10 жыл мерзімге қаржы бақылауы және мемлекеттік сектор саласында лауазым атқаруға тыйым салынды.

Алаяқтық жасауға көмектескен бес қызметкерге 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар