Жамбыл облысында Әділет басқармасының шенеуніктері пара алды деген күдікке ілінді

Қаракөз Амантай 10 қар. 2025 15:39

Жамбыл облысында Әділет басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шамғұнов пен оның орынбасары Берікбол Байұзақовқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу дерегінше, шенеуніктер жеке сот орындаушыларынан лицензиясынан айырмау үшін жүйелі түрде пара алып отырған. Пара көлемі 100 мың теңгеден басталған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері күдіктілерді шамамен бір ай бұрын ұстаған. Тергеу кезінде екеуі де өз кінәсін мойындаған.

Қылмыстық іс жеделдетілген тәртіппен қаралады. Егер кінәлары дәлелденсе, Шамғұнов пен Байұзақов 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда Рудный қаласының бұрынғы прокуроры Мұрат Успановқа үкім шыққан еді. Оны құрылыс бөліміндегі тексерулерді тоқтату үшін 20 млн теңге пара алу әрекетінде айыптаған.

Мұрат Успанов өзінің кінәсін мойындады, сондықтан іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Үш отырыстан кейін сот үкім шығарды.

Рудный қаласының бұрынғы прокуроры орта қауіпсіздігі бар колонияда 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Сонымен қатар, ол «құқық жөніндегі аға кеңесші» шенінен айырылды.

Оған берілген жаза мерзімі жұмсартатын жағдайларға байланысты айтарлықтай қысқартылды – кәмелетке толмаған балаларының болуы, өкінуі және кінәсін мойындауы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар