Жуырда танымал қайырымдылық қордың жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Журналист Руслан Өтепбай жаңа деректі бөлісті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, Ілияс Сариев Жансұлу есімді келіншекке аудио жіберген, мақсаты жалғызбасты анаға несие алдыру болған. Алайда Жансұлу несие алып бере алмайтынын айтқан.
"Бірақ Ілияс анасы ауырып жатқанын алдыға тартып, өтініш емес, келіншекке талап қояды. Жансұлу Ілиясқа Құдайдай сеніп, оның туған қарындасына 2 миллион теңге несие алып береді. Алайда ол қыз Ілиястың қарындасы емес, сіз бен бізге таныс Ақтоты болып шығады. Ең сорақасы Ақтоты келіншектің телефонын алып, басқа банктан тағы да 1 миллион теңге несие шығарып, дереу өзінің шотына аударып алады. Мұны Жансұлу тек келесі күні байқайды", - деді журналист.
Журналистің айтуынша, бұл дерек бойынша да Ақтоты мен Ілиястың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Блогер неліктен ұсталды?
"Елге көмек бер" қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғанын алғашында заңгер Нұрсұлтан Орынбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, жұрттан Сариевтің үстіне арыз түскен.
"Қазақ Робин Гуд Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды. Алматыдан осындай хабар келді. Бірнеше адамнан алаяқтық әрекеті бойынша арыз түскен еді. Қазір сол бойынша ұсталғаны белгілі болды. Алданғандар болса, Алматы ІІД-не арыздансаңыздар болады", - деді ол.
Артынша Dalanews.kz Алматы Полиция департаментіне сауал жолдап, ресми ақпарат та алды.
"Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп жазылған Алматы Полиция департаментінің бұған дейінгі жауабында.