Қазақстан Бас прокуратурасы терроризмді насихаттау, теракт жасауға үндеу және жалған хабар тарату қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін тағы да еске салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 256-бабы терроризмді насихаттау мен оған шақыру әрекеттері үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді қарастырады. Егер мұндай ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары, интернет немесе онлайн-платформалар арқылы таратылса, жаза мерзімі 12 жылға дейін ұзаруы мүмкін.
Ведомство өкілдері жауапкершілік тек тікелей үндеулерге ғана емес, терактілерді ақтау, қолдау немесе мақұлдауға да қатысты екенін атап өтті. Әлеуметтік желілердегі пікір, жазба немесе бөліскен контенттің өзі заң алдында жауапқа тартуға негіз бола алады.
Кейінгі уақытта интернетте "миналау" туралы жалған хабарламалар жиілегені де айтылды. Мұндай мәліметтердің әрқайсысы құқық қорғау органдары тарапынан шынайы қауіп ретінде тексеріледі.
Қадағалау органы құқық бұзушылардың дауысын өзгерту немесе IP-мекенжайын жасыру арқылы жауапкершіліктен құтыламыз деген ойы қате екенін қатаң ескертті. Цифрлық технологиялар дамыған қазіргі заманда құқық бұзушының жеке басын анықтау – тек уақыт мәселесі.
