Жалған іссапар мен жасанды құжат жасап, қаржы жымқырғандар анықталды

Dalanews 11 сәу. 2024 16:45 4053

Өскемен қаласындағы волейболдан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болмаған іссапар үшін спортшыларға 4 млн теңге аударғаны анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz KAZINFORM- ға сілтеме жасап. 

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Соның нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған.


«Өскеменде орналасқан волейболдан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қағазда оқу-жаттығу жиындарын өткізгендігін және спортшыларға жатын орындарына, тамақтануына іссапар төлемдері ретінде 4,1 млн теңге аударылғандығын көрсеткен. Алайда іс жүзінде бұл оқу-жаттығу жиындары қаладағы мектептің өз базасында өткізілген. Яғни, Өскеменде тұратын спортшыларға іссапар шығындарына төлем жасалған. Сондай-ақ облыстағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 7 қызметкері жалған дипломдарды пайдаланғаны анықталды», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов.


Осы фактілер бойынша уәкілетті органдармен тексерулер жүргізілуде. Соның қорытындысы шыққаннан кейін қылмыстық-процестік заңнама шеңберінде процестік шешім қабылданады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар