Жаһандану үдерісі әлсіреп, әлемдік саясатта жаңа үрдістер күшейіп келеді – Тоқаев

Қаракөз Амантай 14 нау. 2025 17:11 168

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандану үдерісі өзінің бастапқы мәнін жоғалтып, әлемдік саясатта жаңа үрдістердің алдыңғы орынға шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бүгінде ұлттық мүддені қорғау, ықпал ету аймақтарын бөліске салу және аймақтық саясаттың күшеюі басты бағытқа айналған,

"Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты.

Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен.

"Даму мен демократия", "адам құқықтары", "баспасөз бостандығы", "сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес" деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын  асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және "тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық.

АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім", – деді Президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар