Алдымен облыс әкімі ауыл орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарымен танысты. Белгілі болғандай, ауыл орталығындағы екі қабатты бірқатар үйлердің қас беттерін әрлеу, әктеу, сырлау жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Тазалық жұмыстары да сын көтермейді. Аула тұрғындарымен тілдескен өңір басшысы әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігін де естеріне салды.
«Мына ғимараттардың қазіргі көрінісі өте нашар. Әркім өз ауласындағы ғимараттардың тазалығына жауапты болуы керек. Үкімет газ әкеліп береді, су тартып береді, қалған жұмыстарды өздеріңіз істеулеріңіз керек. Мына үйлердің жағдайы сын көтермейді. Бәрін реттеу керек. Мен бұл ауылды жеке бақылауыма аламын. Әкімдердің ұйымдастыру жұмыстары өте төмен», - деді Жансейіт Қансейтұлы.
Мұнан соң, әкім тұтынушылар үйінде орналасқан шаштараз залы мен азық-түлік дүкенінің жұмысымен танысты. Ондағы жағдай санитарлық талапқа сай келмейтінін көріп, бұл жергілікті биліктің кемшілігі екенін атап өтті.
«Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Өркениет дамыған заманда шаштаразда су болмауы қалай? Санитарлық талапқа сай болу керек. Бұл кемшіліктер әкіммен тұрғындар арасында байланыс жоқтығынан орын алып отыр. Мына жердің бәрін бақылауға қоямын, қалай істейсіз соған байланысты қорытынды шығарамын», - деді әкім.
Бұдан былай облыс басшысы шынайы жағдаймен танысу үшін аудандарға сапары барысында жоспардан тыс нысандарға да баратындығын ескертті. Ал бүгінгі кемшілікті қысқа мерзімде орындау керектігін тапсырып, арнайы тексеретіндігін жеткізді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі