Израиль Сирияға соққы жасап, Түркияға ескерту жасады

Израиль Сирияға соққы жасап, Түркияға ескерту жасады
cursorinfo.com

Израиль Сирияның солтүстік-батысындағы Әбу әд-Духур әскери әуе базасына соққы жасағанын растады. Тель-Авив шабуылға Түркияның базаға әскери күштерін орналастыру қаупі себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters мәліметінше, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі Сирия Түркия әскері базада орналасуына рұқсат беру арқылы қауіпсіздік саласындағы келісілген жағдайды бұзуға жақындағанын айтқан.

Израиль тарапы Сирияға түрік әскері мұнда орналастырылған жағдайда бұл елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін бірнеше рет ескерткенін мәлімдеді. Алайда Дамаск бұл ескертулерді елемеген.

Сирияның мемлекеттік Ekhbariya телеарнасы әскери дереккөзге сілтеме жасап, Израиль Әбу әд-Духур базасына сегіз рет әуе соққысын жасағанын хабарлады. Соққылар ұшу-қону жолағы мен қоймаларды нысанаға алған. Шабуылдан адам қаза тапқаны немесе жараланғаны туралы ақпарат жоқ.

Түркия Израильдің әрекетін қатаң айыптады. Түркия Сыртқы істер министрлігі Тель-Авивтің Анкара Сириядағы базаға әскер орналастыру арқылы Израильге қауіп төндіреді деген мәлімдемесін негізсіз деп атады.

Reuters мәліметінше, АҚШ та Израильдің шабуылына алаңдаушылық білдірді. АҚШ-тың Сирия және Ирак жөніндегі арнайы өкілі Том Баррак әуе соққысын аймақтық тұрақтылыққа ықпал етпейтін «қажетсіз шиеленіс» деп бағалады.

Вашингтон қазіргі уақытта Израиль, Түркия және Сирия арасында әскери қақтығыстардың алдын алуға бағытталған байланыс тетігін құру жұмыстарын жүргізіп жатыр.