Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мопедтерді тіркеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мопедті тіркеу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша арнайы ХҚКО-ға жүгіну қажет. Жеке басын куәландыратын құжаттарды электронды түрде ұсынуға болады. Сондай-ақ техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер қажет. Одан кейін өтініш толтырып, көлік құралын тексерістен өткізу және мемлекеттік алымдарды төлеу қажет: мопедті тіркеу үшін – 0,25 АЕК, тіркеу куәлігін алу үшін – 1,25 АЕК, мемлекеттік нөмір алу үшін – 1,4 АЕК", – деп мәлімдеді ІІМ департаментінің бастығы, ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Егер көлік құралының VIN-коды болмаса, ол тексерістен кейін беріледі.
"Егер VIN-код жоқ болса немесе шығарылған жылын анықтау мүмкін болмаса, бұл код көлік құралын тексеруден кейін беріледі. Мұндай жағдайда мопедтің шығарылған жылы ретінде оның тексерістен өткен жылы есепке алынады", – деді ІІМ өкілі.
Сонымен қатар ол мопедтерге мемлекеттік нөмір беру қолданыстағы тәртіп бойынша жүргізілетінін атап өтті. Яғни, жүйе нөмірді автоматты түрде таңдайды. Бұған дейін дәл осындай рәсім мотоциклдерге қолданылып келген.
"Жол қозғалысы туралы" заңға сәйкес, мопедті басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. Алайда, егер жүргізушінің А немесе В санатындағы куәлігі болса, ол да мопедті басқару құқығын растайды", – деді Шыңғыс Алекешев.
Министрлік 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынатынын ескертті.
"Осындай құқық бұзушылық анықталған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағына сәйкес, 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған", – деп еске салды министрлік өкілі.