Ішкі істер министрі: қылмыскерді қарусыздандыру – бұл жұмыс

Сағыныш Сардарова 19 нау. 2025 18:30 924

Ерлік пе, жұмыс па? Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Орталық коммуникациялар қызметінің подкастында Алматы әуежайында және Петропавлда көшеде болған құқық бұзушыларды қарусыздандыру жағдайларына қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Ішкі істер министрі Алматы әуежайында әйелді кепілге алу бойынша қылмыстық процесс жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

«Жарып жіберу және қару қолдану қаупі болғанын ескерсек, яғни адамдар көп жерде полиция қызметкерлері дұрыс әрекет етті. Бұған баға береміз», – деді Ержан Сәденов. 

Ал Петропавлда Ұлттық ұлан қызметкері көшеде тапаншамен тұрғындарды қорқытқан адамды қарусыздандырған жағдайға тоқтала келе, ІІМ басшысы мұндай ерлік күн сайын жасалатынын айтты. 

«Полицей болу – бұл қоғам, халық, мемлекет, Отан үшін ерлік жасау. Яғни, қылмыскерді қарусыздандыру – бұл жұмыс. Адамдар мұны ерлік деп санайтын шығар, іс жүзінде бұл жұмыс. Сондықтан ант қабылдаған алғашқы күннен бастап біз қызметкерлерімізге полиция миссиясының маңыздылығы туралы айтамыз», – деді Ержан Сәденов. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматы әуежайында әйелді кепілге алу фактісі бойынша тергеу Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынып, тергеу оқшаулағышына қамалды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар