Ирак Сауд Арабиясымен шекаралас аймаққа жақын маңнан ірі мұнай кен орнын ашты. Мәліметке сүйенсек, бұл жерден "қара алтынның" мол қоры табылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кен орны Ирактың оңтүстігіндегі Наджаф провинциясында анықталған. Мамандар бұл өңірді мұнай-газ саласы бойынша елдегі ең перспективалы аймақтардың бірі санайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңалық соңғы жылдары Ирактың энергетика секторындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болуы мүмкін.
Алдын ала бағалау бойынша, барлау учаскелерінің бірінде 8,8 млрд баррельден астам шикі мұнай қоры бар.
Shams-11 барлау ұңғымасында жүргізілген бұрғылау жұмыстары жеңіл мұнайдың бар екенін көрсетті. Ұңғыманың бастапқы өндірістік қуаты тәулігіне 3 248 баррель деп бағаланып отыр.
Бұл мәлімдеме Ирак мұнай министрі Хаян Абдул Гани мен қытайлық ZhenHua Oil компаниясы өкілдерінің ресми кездесуі кезінде жасалған.