Жетісу облысының соты әлеуметтік желіде жалған мәлімет жариялады деп айыпталған “Krisp.tdk” парақшасының авторына қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, блогер 2025 жылғы 31 мамырда азамат К.А.-ның ар-намысы мен заңды мүдделерін бұзатын, ресми түрде расталмаған ақпаратты Instagram парақшасында жариялаған.
Сот мәліметінше, бұл жазба азаматтың құқығына нұқсан келтірген. Алайда блогер өз кінәсін мойындамаған. Соған қарамастан, әлеуметтік желіден алынған скриншоттар мен басқа да материалдар айғақ ретінде қабылданып, оның кінәсін дәлелдейтін негіз болды.
Нәтижесінде, сот блогерді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы 5-бөлігі бойынша жауапты деп танып, оған 117 960 теңге көлемінде айыппұл салды.
Айта кетейік, бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Жамбылда агрессивті жарнама түсірген блогер жауапқа тартылғаны туралы жазған едік.
Супермаркеттердің бірінің жарнамасын түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған блогер полиция қызметкерлерімен жауапкершілікке тартылды.
Болашақ көрермендердің назарын аудартуға тырысқан ол қойылым ретінде автокөліктің алдыңғы әйнегін сындырған және жолаушымен дөрегі дауыспен сөйлесіп, өтіп бара жатқан адамдарды шошытқан.
Полиция құқық бұзушыны анықтап, оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Нәтижесінде супермаркет жарнамасын агрессивті түрде түсіру блогер үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынумен аяқталды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды көшеде және қоғамдық орындарда заңды бұзбай,өзгелердің өміріне қауіп төндірмеуге, жолда тәртіпті қатаң сақтауға шақырады.