Индонезияның шығысындағы Флорес аралында болған магнитудасы 7,7 жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 68-ге жетті. 200-ден астам адам жарақат алған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жер сілкінісі 15 тамызда Шығыс Нуса-Тенгара провинциясының жағалауында болған. Табиғи апаттан кейін аймақта 1,6 мыңға жуық афтершок тіркелді. Дүмпулер салдарынан көшкіндер жүріп, бірқатар жолдар жабылып, құтқару жұмыстары қиындаған.
Мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Көптеген адам үйлеріне қайта оралуға қорқып, шатырларда түнеп жатыр. Құтқарушылар қираған ғимараттардың үйінділерін тексеріп, зардап шеккендерге көмек көрсетуде.
Жергілікті биліктің мәліметінше, шамамен 500 үй зақымданған. Кейбір елді мекендерде ауыз су, азық-түлік және медициналық көмек тапшылығы байқалады.
Билік зардап шеккен аудандарға азық-түлік пен шатырлар жеткізу үшін ұшақтар дайындап, бірнеше жерде уақытша далалық аурухана ашуды жоспарлап отыр. Аймаққа 3,5 мыңнан астам әскери қызметші мен полиция жіберілген.
Құтқару операциясы жалғасып жатыр.