Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қала аумағында жүк көліктерінің қозғалысына толық тыйым салу мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, жол қозғалысы ережелерінде жүк көліктерінің қозғалысы нақты реттелген. Ал еліміздегі қарқынды құрылыс пен инфрақұрылымдық жобаларды ескерсек, ауыр жүк көліктерінің қалаға кіруін толық шектеу қазіргі жағдайда мүмкін емес.
"Жүк көліктері құрылыс жұмыстарын жүргізу мен қалалардың инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың қала аумағында жүруіне толық тыйым салу мүмкін емес, – деді Әділов.
Сонымен қатар вице-министр ірі жүк көліктерінің техникалық ерекшеліктері жүргізушілерді жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жүргізуші жаяу жүргіншіні байқамай қалдым деген уәжбен жауапкершіліктен жалтара алмайды.
Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бұл мәселеге қатысты өзге пікір білдірді. Оның айтуынша, ауыр жүк көліктерінің елді мекендердің ішінде жүруіне жол бермеу қажет.
Министрдің пікірінше, көп тонналы көліктер тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, жолдардың тез тозуына және тұрғын үйлердің құрылымдарына зақым келтіруі мүмкін.