ІІМ қашықтан басқарылатын зиянды қосымшалар туралы ескертті

Ақтоты Жапатова 20 ақп. 2026 11:57

Ішкі істер министрлігі азаматтардың смартфондарына зиянды қосымшалар орнату арқылы қашықтан қол жеткізетін алаяқтық схемалар көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта Android операциялық жүйесі орнатылған мобильді құрылғыларға зиянды бағдарламаларды орнатып, тарату фактілері тіркелген. Қаскөйлер түрлі тәсілдерді қолданады. Атап айтқанда:

– мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы фишингтік сілтемелер тарату;
– жалған мобильді қосымшалар ұсыну;
– фото, бейне және құжат түрінде жасырылған зиянды файлдар жіберу;
– мемлекеттік органдар, банктер және жеткізу қызметтері атынан хабарлама жолдау;
– акцияға немесе ұтыс ойынына қатыстыру сылтауымен қосымша орнатуды талап ету.

Мамандардың айтуынша, мұндай бағдарлама орнатылғаннан кейін алаяқтар құрылғыға қашықтан қол жеткізіп, банк шоттарындағы қаражатты ұрлауы, онлайн-несиелер рәсімдеуі, жеке деректер мен хат алмасуды таратуы мүмкін. Сондай-ақ телефонды бұғаттап, төлем талап ету қаупі бар.

ІІМ азаматтарды сақ болуға шақырады. Өзіңізді қорғау үшін:

– үшінші тұлғалардың өтінішімен қосымша орнатпау;
– SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламау;
– күмәнді сілтемелерге өтпеу;
– тек ресми қосымшалар мен антивирустық бағдарламаларды пайдалану;
– банк операциялары туралы хабарламаларды қосу ұсынылады.

Телефонда қауіпті бағдарлама бар екенін білдіретін белгілер – батареяның тез таусылуы, құрылғының қызуы және бейтаныс қосымшалардың пайда болуы.

«Күдік туындаған жағдайда интернетті дереу өшіріп, банкпен байланысып, құқық қорғау органдарына жүгініңіздер. Сақ болыңыздар. Цифрлық қауіпсіздік өзімізден басталады», – деп мәлімдеді ІІМ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove