ІІМ өкілі хуторлық Хасанға қатысты пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 06 қар. 2024 18:48 3736

Ішкі істер министрлігінің өкілі хуторлық Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

Басылым дерегінше, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха құқық қорғау органдарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тізімі бар екенін растаған.

Жуырда Хасан Қасымбаевтың екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Мәжіліс кулуарында журналистер Игорь Лепёхадан қазақстандықтардың аузында жүрген «Хуторлықтар» тобы туралы сұрады. Бұған дейін ІІМ мұндай қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарған еді.

"Бір қылмыстық топ жойылса, жаңалары пайда болады, біз оларды есепке аламыз. Бұл тұрақты жұмыс қой. Алайда қазір 90-жылдардағыдай қылмыстың өршуі мен ұйымдасқан топтар бар деп айтуға болмайды", – деді Лепёха.

Ол Хасан Қасымбаевқа қатысты істің егжей-тегжейіне әлі толық үңілмегенін, себебі бұл тергеу ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының құзыретінде екенін айтты.

"Барлық мәселе қылмыстық іс аясында анықталады. Әзірге біздің қызметкерлердің қатысы бар деген күдік жоқ. Барлық әрекет прокуратураның бақылауында. Жаңадан ашылған мәліметтерге сәйкес ол жауапкершілікке тартылады", – деп қорытындылады Лепёха.

Айта кетейік, бұған дейін полиция мәлімдеме жасап, Хасан Қасымбаевтың ұсталуы - Шерзаттың өліміне байланысты емес екенін хабарлады.

ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат А.-ны ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген.

Оқиға 2021 жылдың маусымында болған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - деді бұған дейін Алматы облыстық ПД өкілдері. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар