ІІМ-нің басшысы Бақыт Ибрагимнің өліміне қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 20 нау. 2024 12:35 2630

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың экс-күйеу баласы, кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Іс “өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бабы бойынша қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Мәжіліс алаңында Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов айтты.

“Бұл оқиға расымен Алматыда болды. Осы фактіні негізге ала отырып, біз Қылмыстық кодекстің 105-бабына сәйкес “өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғадық. Қазір тергеу жүріп жатыр”, - деді Сәденов.

Еске салайық, 14 наурызда банкир Бақыт Ибрагим өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Бұған дейін ол Qazaq banki ірі банкін басқарып, тіпті оның акционері болған. Оқиға орын алған күні Алматы полиция департаменті қайғылы жайтты растаған еді. Сонымен қатар суицид болғанын мәлімдеді.

"Осы дерек бойынша "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Мән-жайы анықталып жатыр", - деді полиция.

2020 жылы Бақыт Ибрагим Жомарт Ертаевпен бірге RBK Bank-те "қаржы жымқырды" деп сотталып, былтыр күзде босап шыққаны көпшілікке мәлім.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар