Сәтбаев университетінде инженерлік әзірлемелерді цифрлық модельден бастап өнеркәсіптік үлгіге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін Mechanical Prototyping & Pilot Production орталығы ашылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Орталық Idea to Product - «идеядан өнімге дейін» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бір алаңда жобалау, дайындау және сынақтан өткізу кезеңдері біріктірілген. Мұнда инженерлік әзірлеме CAD/CAM-модель мен конструкторлық құжаттамадан бастап прототипке, өнеркәсіптік үлгіге және шағын сериялы өндіріске дейінгі жолдан өте алады.

Орталық студенттер мен жас ғалымдарға тәлімгерлердің жетекшілігімен заманауи өндірістік жабдықтарда жұмыс істеуге және нақты инженерлік жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Ғалымдар өз әзірлемелерін тәжірибелік үлгіден дайын өнімге дейін жеткізе алады.
Оқу-өндірістік алаңдарда бір мезетте 100 адамға дейін жұмыс істей алады. Студенттер нақты инженерлік міндеттерді шешуге қатысып, заманауи жабдықтармен жұмыс істеу арқылы өндірістік үдерістің өзінде практикалық тәжірибе жинақтайды.

«Кейде серіктестеріміз студенттердің бұрауышты жақыннан көрмегенін айтып жатады. Мұнда олар заманауи өндірістік жабдықтармен жұмыс істеудің практикалық тәжірибесін алып, машина жасау өнімдерін өз қолдарымен шығара бастайды», - деді Сәтбаев университеті Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесов.
Орталықтың өндірістік инфрақұрылымына металды лазермен кесуге, июге, соғуға, дәнекерлеуге және құрастыруға арналған жабдықтар кіреді. Мұнда зертханалық және ресурстық сынақтар, климаттық сынақтар, созылу жүктемесіне төзімділікті тексеру және сапаны бақылау жүргізіледі.
Орталық жұмысының алғашқы бағыттарының бірі - теміржол машина жасау саласы. LocoSystems KZ компаниясымен бірлесіп, Сәтбаев университеті жылжымалы құрамға арналған тежегіш қалыптарын өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба теміржол саласындағы маңызды компоненттер импортының орнын отандық өніммен алмастыруға және Қазақстандағы машина жасау құзыреттерін дамытуға бағытталған.
«Ғылымды, білімді, бизнесті және өндірісті бір жерде тоғыстыруға тырыстық. Осы арқылы жас ғалымдарға станоктың жанында тұрып, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік бергіміз келеді», - деді LocoSystems KZ басшысы, Сәтбаев университетінің түлегі Мақсат Қанатбаев.
Орталық ғалымдардың өндірістік базасына айналады. Мұнда прототиптер мен тәжірибелік үлгілер жасауға, сынақтар жүргізуге, әзірлемелерді өндіріске енгізуге дайындауға, инженерлік тапсырыстарды орындауға және өнімнің шағын серияларын шығаруға болады.

Бұл тәсіл Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің инженерлік білім беруді дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттарына сәйкес келеді. Құжат аясында студенттердің практикалық даярлығын күшейту және білім беруді нақты өндірістік үдерістермен ұштастыру көзделген.
«Жақсы инженерлік идея қысқа мерзімде жұмыс істейтін прототипке, одан кейін нақты өнімге айнала алуы керек. Ол үшін жабдық, кәсіби құзырет және студент немесе жас ғалым өз идеясын сынап, қателесіп, қайта жасап көруге мүмкіндік алатын орта қажет. Жаңа орталық дәл осындай орта қалыптастырады», - деді Сәтбаев университетінің проректоры Сапар Шалабаев.
Осылайша, Mechanical Prototyping & Pilot Production орталығы университет қабырғасында үш маңызды бағытты - инженерлерді даярлау, жаңа әзірлемелер жасау және оларды тәжірибеде қолдануды - бір арнаға тоғыстырады. Мұнда студенттің идеясы нақты бұйымға, ал ғылыми әзірлеме өнеркәсіпте қолдануға дайын өнімге айнала алады.