Иаков Воронцовтың ісі сотқа жолданбақ: адвокат тергеу аяқталғанын айтты

Иаков Воронцовтың ісі сотқа жолданбақ: адвокат тергеу аяқталғанын айтты
ашық дереккөз

Бұрынғы діни қызметкер Иаков (Владимир) Воронцовтың ісі бойынша тергеу аяқталды, алайда қамауда отырған азамат медициналық көмек көрсетілмей жатқанын айтып шағымданған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу аяқталғанымен, қорғаушысына айыптау актісі әлі табысталмаған. Құжат тапсырылғаннан кейін іс сотқа жіберіледі. 

Сонымен қатар Воронцов Алматыдағы тергеу изоляторында денсаулығына байланысты қажетті медициналық көмек ала алмай отырғанын айтқан. Ол 17 тамызда досы Генят Исинге жазған хатында аяғындағы созылмалы ауруы асқынғанын хабарлаған.

«Мен туралы әлі де жазбалар жариялап жүрсің бе? Маған мүлдем медициналық көмек көрсетілмей жатқанын жазшы. Аяғымдағы созылмалы ауруым — трофикалық жара мен посттромбофлебит — әлдеқашан асқынып кетті. Аяғым қатты ауырады, ауырсынудан ұйықтай алмай жүрмін. Дәрігерлерге жүгініп жатырмын. Ешқандай реакция жоқ. Ешқандай көмек көрсетілмейді. Осыған байланысты шағым жаздым. Бірақ одан да нәтиже болған жоқ. Маған шұғыл түрде флебологтың тексеруі мен емі қажет», — деп жазған ол. 

Адвокаттың айтуынша, Воронцовтың аяғында бұрын трофикалық жара болған. Ауру емделгенімен, қамаудағы эмоционалдық жағдайына байланысты оның қайта асқыну белгілері пайда болған. Қорғаушы денсаулық жағдайын ескере отырып, бұлтартпас шараны өзгерту туралы бірнеше рет өтініш бергенін, алайда соттар оны қанағаттандырмағанын айтты. 

Воронцов 13 ақпаннан бері қамауда отыр. Ақпан айында оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы бойынша есірткі тұтынуға арналған притон ұйымдастыру және 296-бабы бойынша есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау айыптары тағылған. Воронцов тағылған айыптарды мойындамайды. 

Бұған дейін, мамыр айында, сот Воронцовты психиатриялық көмек көрсететін арнайы медициналық мекемеге мәжбүрлі түрде жіберу туралы шешім қабылдаған. Ол Актаседегі мекемеде болған. Кейін дәрігерлер оның психикалық ауытқулары жоқ деген қорытынды жасап, шілде айында оны Алматыдағы тергеу изоляторына қайтарған. 

Иаков Воронцов бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық сынап, соғысқа қарсы үндеу жариялаған православ дін қызметкерлерінің қатарында болған. Сондай-ақ ол Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын тәуелсіз православ қауымын құру бастамасын көтерген. Осыдан кейін 2023 жылы Ресей православ шіркеуі оны діни қызметтен айырған. 

Воронцов өзіне тағылған есірткіге қатысты айыптарды жоққа шығарып, үйінен табылды делінген заттардың өзіне тиесілі емес екенін айтқан. Оның пікірінше, қылмыстық қудалау оның діни және қоғамдық ұстанымдарымен байланысты.

Қазір қорғаушы тарап айыптау актісінің табысталуын күтуде. Осыдан кейін іс материалдары сотқа жіберілуі мүмкін.