Halyk Bank Алматыда жағдай төмен отбасылардың үйіне тегін газ қосуда

Dalanews 10 қар. 2020 04:51 1020

Бүгінде Алматы қаласындағы 2800-ге жуық жеке тұрғын үй газбен жабдықтау жүйесіне қосылмаған. Сол себепті тұрғындар қыста көмір жағып, үйін жылытуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде қаланың экологиялық жағдайына кері әсер ететіні белгілі.

Осы жылдың басында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының үйлерін газға қосу үшін екінші деңгейлі банктер арқылы кредит беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырған-ды. Өз кезегінде Halyk Bank әкімдіктің бұл бастамасын қолдап, газ орнатуға пайызсыз кредит беруден бөлек, тұрмысы төмен отбасыларға газды тегін орнатуға қол ұшын бергенін айта кетуіміз керек.

– Бұл жоба халықтың әлеуметтік осал тобы мен үйлерін газбен жабдықтағысы келетін қала тұрғындарын қамтиды. Көмір жағу қаланың ауа тазалығына кері әсерін беретінін білеміз, сондықтан Halyk Bank халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын тұрғындардың үйлеріне газды тегін қосуда. Алматы әкімдігі ұсынған тізімге сәйкес, үйге газды тегін қосу ғана емес, сонымен қатар барлық қажетті газ жабдықтарын сатып алуға да көмектесеміз. Ал, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы қатарына жатпайтын алматылықтар үшін пайызсыз кредит ұсынамыз. Осылайша қаламыздың әуе бассейнін тазартуға үлес қосып жатқан жайымыз бар, – деді Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев.

Бүгінде әрбір үйге газ орнату бойынша қажетті жұмыстарын Temel Group Stroy компаниясы атқаруда. Атаулы ұйымның атқарушы директоры Аслан Төлеутаевтың айтуынша, газ орнату жұмысы жеке қаралады. Айталық, кейбір үйлерде пеш орнатуға арналған бөлек бөлме салу қажет болса, келесі үйде есік пен терезені ауыстыруға тура келеді. Яғни, газ орнатуға қажетті жабдықтардан бөлек, басқа қажетті тауарды алу, оны орнату жұмыстарын да атқарамыз, - дейді газ орнатудың білікті маманыАслан Төлеутаев.

«Мен үйді жиырма жыл бойы көмір жағып, жылытып келемін. Маған бұл өте қиын еді, өйткені аяғым ауырады. Енді, міне Halyk Bank-тің арқасында арманым орындалды, бүгін менің үйіме газ қосылды. Бұл игі іске ризашылығым шексіз» деп зейнеткер, 3 топтың мүгедегі Галина Гончарова банкке алғысын айтты.


Жалғыз басты ана Гүлбахрам Бултакова: «Бұрын қызым екеуміз бөлменің дәл ортасында тұрған пешті жағуымыз керек еді. Банктің қолдауының арқасында үйімізге газ келіп, жылу жүйесін орнаттық. Олар пеш тұратын бөлмені де өздері тұрғызды. Банкке ұжымына айтар алғысым шексіз!» деді.

Тұрмысы төмен отбасылардың үйіне газ қосу үшін Halyк Bank 60 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Бүгінде 10 отбасыға газ тегін орнатылды, жыл соңына дейін Наурызбай және Алатау ауданы бойынша 70 астам үйге тегін газ тарту жоспарлап отыр.

Сонымен қоса, кез келген Алматы қаласының тұрғындары газ жабдығын орнату үшін пайызсыз кредит алу мүмкіндігі де бар

  • Сыйақы мөлшерлемесі – 0%;

  • Займды ресімдегені үшін комиссия – 0,1%

  • Кредиттеу мерзімі – 18 айға дейін

  • Бір жеке тұлға үшін займның сомасы – 309 000 теңге мөлшерінде


Пайызсыз кредит алу үшін азаматтар келесі қадамдарды орындауы қажет:

- қажетті құжаттардың тізімімен кеңесу үшін аудан әкімдіктерімен байланысу қажет;

- газды қосудың техникалық шарттарын алу және қызметті ұсынатын компаниялармен келісім жасау;

- осы келісіммен кредит алу үшін келесі мекенжайлардағы Halyk Bank–тің екі бөлімшесінің біріне хабарласу қажет:

  • Түрксіб ауданы, Кунгурская көшесі, 2 үй, Halyk Bank, 131832 бөлімшесі;

  • Әуезов ауданы, «Жетысу-4» шағын ауданы, 13 «А» үй, Halyk Bank, 30 ЖСО


Бағдарлама туралы толығырақ Банк сайтынан танысуға болады:

https://halykbank.kz/kz/credit/kredit-gaz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар