Грекия яхтада жүріп өрт шығарды деген қазақстандықтарға айып тақты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Яхтада болған екі кәмелетке толмаған балаға айып тағылмаған. Грекия билігі қазақстандық биліктен көмек сұраған. Себебі яхтаны жалға алған қазақстандықтар жауап алынбай, елден кетіп қалған көрінеді.
Оқиға орнында прокурор тағайындаған сот-медициналық сараптама кезінде сегіз қазақстандықтың кінәсі дәлелденгендіктен оларға айып тағылған. Кейбір хабарлар бойынша, өртсөндірушілер айлақтан отшашудың қалдықтарын тауып алған.
Сонымен қатар, яхтаның капитаны мен бірінші көмекші де ұсталған. Экипиаждың қалған мүшелері босатылған.
Айта кетейік, Organized Crime and Corruption Reporting Project деректерінің мәліметінше, өртенген арал жанындағы яхтада Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова мен олигарх Данияр Абылғазин болған.
Деректерге сүйенсек, оқиға Грекияның басты туризм орталықтарының бірінде болған. Аралға демалуға келгендер яхтадан отшашу атқан, артынша бұл орман өртіне себеп болған. Гидра мэрі Гиоргос Кукудакис әкімшілік өртті ұйымдастырған шетелдіктерді сотқа беруге ниетті екенін де айтқан.
OCCRP(Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) мәліметінше, бортта болған Қазақстанның танымал азаматтары келесі күні жеке ұшақпен елден қашып кеткен.
"Өрт Гидра аралындағы 300 000 шаршы метр аумақты шарпыды. Ұлттық өрт сөндіру бөлімі өкілдері өртке қарсы бөлімше грек экипажының 13 мүшесін тұтқындағанын хабарлады. Алайда аптасына 250 000 еуроға жалға алуға болатын сәнді яхтадағы қонақтардың ешқайсы ұсталмаған", - деп жазылған деректе.
Қала мэрі "муниципалитет кінәлілерге қатысты шаралар қабылдау және өтемақы талап ету үшін тергеудің соңғы нәтижелерін күтіп отырғанын" айтқан.
"Персефоне I" яхтасының қонақтары арасында жеті қазақстандық болған. Олардың арасында Қазақстанның ең бай адамдарының бірі Данияр Абылғазин де болды. Өрттен кейінгі күнгі ұшу туралы жазбалар Абылғазин үнемі пайдаланатын жеке ұшақ Афина әуежайынан Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыға ұшқанын көрсетеді", - деп жазылған мәліметте.
Абылғазин бұл жағдайға ешқандай пікір білдірмеген. Кеме декларациясында бортта Абылғазиннің ұлы мен оның әйелі Айдана Сүлейменова болғаны да көрсетілген.
OCCRP мәліметтерінде қонақтардың қатарында Қазақстанның ірі қаржы мекемесінің, Халық банкінің бас директоры Үміт Шаяхметова да болды деген ақпарат бар. Тізімде оның күйеуі Бейімбет Шаяхметов те бар, ол - KMG International NV ұлттық мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері.
OCCRP түсініктеме алу үшін Сүлейменоваға да, Шаяхметоваға да жүгінген, бірақ олардың ешқайсы жауап бермеген.
Абылғазин де, Шаяхметова да Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен тығыз байланыста. Абылғазин Құлыбаевтың бірнеше компаниядағы серіктесі болды. Ал Шаяхметова Құлыбаевқа тиесілі банкте жұмыс істейді.