Үндістанның Хайдарабад қаласында орналасқан Bharat Biotech International Limited компаниясының ғалымдары жершары тұрғындарының мазасын қашырған Зика вирусына қарсы вакцина ойлап тапқандарын мәлімдеді.
Осыған дейін дүниежүзі ғалымдары қатерлі вирусқа қарсы ешқандай вакцина таппағандарын айтып, халықты шыбын-шіркей мен маса арқылы таралатын дерттен сақтануды ескерткен-ді. Таяуда Зика вирусына қарсы вакцина ойлап тапқан компанияның өкілі Кришна Элла:
– Біз Зика вирусына қарсы бірінші болып вакцина ойлап таптық. Өзіміздің ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз бен өнімімізді тиісті орындарға 9 ай бұрын тапсырғанбыз. Қазір біздің вакцина жан-жақты сынақтан өтіп жатыр, – деді.
Мамандар жаңа вакцинаны жануарларға, содан кейін адамдарға егіп, сынақтан өткізу үшін біраз уақыттың қажет екенін алға тартуда.
Зика дерті – маймылдар арасында кездесетін қатерлі инфекциялық аурудың бір түрі. Ол адамдарға маса мен шыбын-шіркейлер арқылы жұғатыны белгілі. Қазіргі таңда бұл дертке жершарының біраз адамы шалдығып, шұғыл көмекті қажетсінуде. Мамандар Зика вирусынан аяғы ауыр әйелдер қатты сақтануы керек екенін ескертуде. Егер ол жүкті әйелдің ағзасына енсе, болашақ сәбидің миын зақымдауы мүмкін.
Адам эмбрионын зерттеуге рұқсат берілді
Британияның Фрэнсис Крик атындағы ғылыми-зерттеу институтының докторы Кэти Ниакан алғаш рет адам баласының эмбриондарына генетикалық-модификациялық сынақ жүргізу үшін Британияның ұрықтандыру және эмбриология қызметінен рұқсат алды. Әзірше ғалымдардың бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуін қолдап, қарсылық көрсетіп жатқан топтар жетеді.
Кэти Ниакан зертханада адам эмбрион генетикалық-модификациялық сынақ жүргізу үшін сұрау салып, өз ойына қол жеткізгенін алға тартуда. Ал адам эмбрионына зерттеу жүргізуге рұқсат алған ғалым бұл бағыттағы ғылыми жұмыстары бедеулік пен түсік тастаудың алдын алуға септесетінін алға тартуда. Ғылыми жұмыс әйел жатырын қолдан ұрықтандырғаннан кейін алғашқы 7 күнде сәбидің жақсы дамуы үшін эмбриондарды қалай дамытудың сырын ашуға жол ашуы мүмкін. Ал адам эмбрионын терең зерттеуге лицензия алған ғалымның ісін қолдамайтын әріптестері бұл бағыттағы жұмыстар адамзаттың ДНК жүйесін зақымдайтынын айтып дабыл қағуда.
Суда жүзетін станса
Жұртты таңғалдырудан жапондар су бетінде жүзіп жүретін алып электр стансасының құрылысын аяқтағанын мәлім етті. Күн көзінен қуат өндіретін станса Smart Energy компаниясының қаражатына салынған.
Станса ел астанасы Токионың солтүстігінде Сайтам префектурасы аумағындағы Кавадзима қаласының маңында орналасқан. Жалпы аумағы 130 мың шаршы метрді құрайтын станса өндірістік қуаты 7,5 МВт құрайды. Мамандар су бетінде жүзіп жүретін стансаны салуға 27 мыңнан астам күн батарейі кеткен. Алдағы уақытта алып станса жылына 8,3 млн кВт электр қуатын өндіріп, 2,3 мың тұрғын үйді қажетті қуат көзімен толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Бұл жобаны іске асыруға инвесторлар 3 млрд иен жұмсағанын алға тартты.
2011 жылы Жапонияда «Фукусима-1» АЭС апатқа ұшырағаннан кейін жапон билігі дәстүрлі емес қуат көздерін дамытып, атом энергетикасынан бас тарта бастағаны белгілі. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр. Суда жүзетін электр қуатын өндіретін алып стансаның пайда болуы соның айқын дәлелі.