Сенатта депутаттық сауал жолдаған сенатор Айнұр Арғынбекова Қазақстанда ғылым нәтижелерін нақты секторға енгізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dala News.
Сауал Премьер-министрге жолданып, онда ғылыми әзірлемелердің ел экономикасына нақты пайда әкелуі тиіс екені атап өтілді. Сенатор Мемлекет басшысының ҚазҰУ-дағы ғылыми қауымдастықпен кездесуінде айтқан тапсырмасын еске салып, ғылымды қолдаудан гөрі оны тәжірибеге енгізу тетіктерін қалыптастыру қажеттігін айтты.
Арғынбекованың мәліметінше, дамыған елдерде ғылым, технология және инновациялардың ЖІӨ өсіміне қосатын үлесі 60–80% дейін жетеді. Бұл көрсеткіш тиімді тетіктердің арқасында ғылыми нәтижелердің өндіріс пен әлеуметтік салаға жылдам енгізілуімен байланысты. Ал Қазақстанда бұл әлеует толық пайдаланылмай отыр.
Сенатордың айтуынша, мәселе ғылыми идеялардың жетіспеушілігінде емес, оларды нақты нәтижеге жеткізетін жүйенің әлсіздігінде. Осыған байланысты ол трансляциялық ғылым моделіне көшу қажеттігін көтерді. Бұл модель фундаменталды зерттеуден бастап, оны өндіріс пен тәжірибеге енгізуге дейінгі толық циклді қамтиды.
Арғынбекова мысал ретінде ядролық медицинаны атады. Оның пікірінше, бұл сала ғылым, жоғары технологиялық өндіріс және клиникалық тәжірибені біріктіретін тиімді бағыт болып саналады.
Сондай-ақ сенатор Алматыдағы Алатау Сити жобасын ғылым мен технологияларды біріктіретін негізгі алаң ретінде қарастыруды ұсынды. Бұл бастама технологиялық тәуелсіздікті арттырып, экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруы мүмкін.
Бұдан бөлек, депутат ғылыми саладағы гендерлік теңсіздік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде әйелдер ғалымдардың жартысынан көбін құрағанымен, жоғары технологиялық салалардағы үлесі әлі де төмен.
Сенатор үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, ғылымды өндіріс және тәжірибемен біріктіретін жүйелі тәсілді қалыптастыру, Алатау Сити базасында ғылыми-өндірістік экожүйелер құру және әйел ғалымдарды қолдауға арналған арнайы бағдарламаларды кеңейту ұсынылды.
Оның пікірінше, бұл шаралар ғылым нәтижелерін тиімді енгізіп, ел экономикасының дамуына серпін береді.
