Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауыты 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қазақстандық мұнайдың орнына Оңтүстік Америкадан жеткізілетін мұнайды өңдеуге көшті, деп хабарлайды dalanews.kz.
ФБРК дерегінше, бұл өзгеріс Қазақстан мұнайының "Дружба" мұнай құбыры арқылы Германияға транзитінің тоқтатылуынан кейін орын алды.
Жеткізу бағыты өзгерді
"Қазақстанның мұнайы мен газы" Telegram арнасының мәліметінше, Польшаның Unimot энергетикалық тобына қарасты компания мұнайдың теңіз арқылы жеткізілген партиясын Гданьск портына қабылдаған. Кейін шикізат Польшаның PERN компаниясына тиесілі құбыр жүйесі арқылы Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауытына жөнелтіледі.
Unimot компаниясының хабарлауынша, зауытқа жеткізілген мұнай Оңтүстік Америкадан сатып алынған.
Қазақстан мұнайының транзиті неге тоқтады?
Бұған дейін PERN компаниясы Беларусь шекарасынан Германияның Шведт қаласына дейін Қазақстан мұнайын тасымалдап келген. Алайда 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Ресейдің «Транснефть» компаниясы «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайының осы бағыттағы транзитін тоқтатты.
Ресми түрде бұған «техникалық мүмкіндіктің жоқтығы» себеп болғаны айтылды. Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак та транзиттің тоқтатылуын техникалық мүмкіндіктермен байланыстырды.
Оның айтуынша, 1 мамырдан бастап Германияға жөнелтіліп келген қазақстандық мұнайдың көлемі басқа қолжетімді экспорттық бағыттарға қайта бөлінген.
Бұған дейін не белгілі болды?
2026 жылдың сәуірінде Қазақстан мұнайының Ресей аумағы арқылы өтетін «Дружба» мұнай құбырының солтүстік тармағымен Германияға тасымалы 1 мамырдан бастап тоқтайтыны белгілі болған еді.
Кейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мамыр айына арналған жеткізу кестесінде бұл бағыт бойынша транзит көлемі нөлге тең екенін мәлімдеді.
Осыған байланысты Энергетика министрлігі 260 мың тонна мұнайды балама экспорттық бағыттарға қайта бөлгенін хабарлады. Оның ішінде 100 мың тоннасы Усть-Луга порты арқылы, ал 160 мың тоннасы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесімен экспортталуда.