Еске алу кешінің басты мақсаты – Қазақстандағы кен орындары мен жер асты байлықтарын іздеп тауып, еліміздің халық шаруашылығын дамытуға әр жылдарда, соның ішінде, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде елеулі үлес қосқан геолог ғалымдарды еске алу және олардың тұлғасы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, геология мамандығының қыр-сырын әңгімелей отырып, жастарды геолог болуға шақыру болып табылады.
Академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық музейінің (Алматы қ.), Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, «Ғылым ордасы» РМК директорының орынбасары Н.Сейдіннің, магистранттар мен студенттердің, Қ.И.Сәтбаев атындағы № 56 гимназиясының оқушыларының қатысуымен өткен еске алу кешін Базарбай Алтаев жүргізді.
Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология институтының директоры, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Г. Жолтаевтың құттықтау сөзімен ашылған кеште геология-минералогия ғылымының докторы, академик С.М.Оздоев, лаборатория меңгерушісі Ғ.Қ. Ерғалиев, Қ.И.Сәтбаевтың немерелері Н.Қ.Жармағамбетов пен А.В.Третьяков, геология ғылымының ардагері, геология-минерология ғылымының докторы А.Б.Дияров, И.П. Новохатскийдің отбасы мүшелері, геологиялық руда түзілімдерінің лабораториясының қызметкері Э.Ю.Сейтмуратовалар жоғарыда есімдері аталған Лениндік сыйлықтың иегерлері болған геолог ғалымдардың өмірі мен қызметі, олардың адамдық қасиеттері мен кейбір пендешілік қылықары туралы, олардың ғылымға қосқан үлесі туралы келелі естеліктер айтты.
Шара барысында Қ.И.Сәтбаев атындағы № 56 гимназияның директоры А.Ж.Нурпеисова мен сол гимназияның Қ.И.Сәтбаев туралы тамаша шығарма жазған бірқатар оқушылары Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық музейінің мақтау қағаздарымен марапатталды.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық Ғылыми кітапханасы ұйымдастырған көрмеде қазақ геология ғылымы қайраткерлерінің ғылыми еңбектері, олардың өмірі мен қызметіне қатысты кітаптар мен фотолар, Сәтбаев мектебінің құрылуы туралы материалдар қойылды.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты