Ғалымдар болашақта жер сілкінісін болжай ала ма? Қазақстандық академик жауап берді

Сағыныш Сардарова 09 шіл. 2025 12:45

Көктем мен жазда жамбылдықтар екі мәрте ірі жер сілкінісін сезді. 28 наурызда түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді, күші 5 балға жетті. Күні кеше тағы да бір жер сілкінісі тіркелді, ал оның күші 6 балға дейін жетті. Әлеуметтік желіде жер сілкінген сәттің түрлі видеолары тарап жатыр. Ғалымдар бұл құбылысты ерте болжай ала ма? Қазақстандық ғалым осы және өзге де сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлемде сыры ашылмаған, жұмбағы шешілмеген құбылыс көп. Соның бірі - жер сілкінісі. Әлі күнге ғалымдар жер сілкінісін алдын ала болжау тәсілін ойлап тапқан жоқ. 

Белгілі ғалым, академик, ғылым докторы, оқулықтардың авторы, Сейсмология институтының бұрынғы директоры Таңатқан Абақанов Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында "адамзат күндердің күнінде жер сілкінісін болжай ала ма?" деген сауалға жауап берген.

"Жер сілкінісін болжау – бүкіл адамзат үшін аса маңызды мәселе. Бұл салада ғылыми көзқарас пен нақты теориялар тек 1900 жылы Жапония ғалымдарының еңбегімен қалыптаса бастады. Яғни бар болғаны 125 жыл ғана өтті. Бұл тұрғыда медицина саласын мысалға келтіруге болады. 1967 жылы Кейптаунда (Оңтүстік Африка Республикасы) хирург алғаш рет 25 жастағы әйелдің жүрегіне сәтті ота жасады. Ол кезде бұл медицина үшін сенсациялық оқиға болды, көпшілік оны кездейсоқтыққа балап, "мүмкін емес" деп сенбеген. Ал бүгінде Астанада жүрекке жүздеген ота сәтті жасалып жатыр. Мәліметтерді жинап, оларды талдап, нақты қорытынды жасау ғалымдардың жауапкершілігінде. Бұл уақытты талап етеді, өйткені жер – тірі организм секілді", – деп түсіндірді ғалым.

"Алматыда алдағы 10 жылда жойқын, 10 балдық жер сілкінісі бола ма?" деген сауалға академик былай жауап берді:

"Мұндай сұраққа ешбір ғалым нақты жауап бере алмайды. "Иә, болады" немесе "жоқ, болмайды" деп нық айту – тек психологиялық ауытқуы бар адамның әрекеті болар еді", - дейді ол. 

Айта кетейік, Жамбыл облысында кеше болған жерасты дүмпуінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 334 шақырым қашықта, Қазақстан аумағында орналасқан.
 
Жер сілкінісі былай сезілген: Құлан – 6 балл, Меркі – 5 балл, Шу – 3 балл, Сарыкемер – 3 балл, Төле би – 3 балл, Тараз – 3 балл, Аса – 2 балл, Мойынқұм – 2 балл, Қордай – 2 балл, Б. Момышұлы – 2 балл, Қаратау – 2 балл, Т. Рысқұлов – 2 балл.
 
Зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы ақпарат тіркелмеген. Байланыс және көмек үшін жедел желі ашылды:
  • ҚР ТЖМ командалық орталығы - 87172-55-96-21
  • Жамбыл облысы ТЖД 8-7262-51-41-67.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар