Бұл басқосудың маңыздылығы сонда, бұған дейінгі жиындарда «АЭС керек пе, жоқ па?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбісе, бұл жолы «АЭС – энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір көзі» деген пікірге тоқталды. Себебі, мұны басқа емес, осы саланы жетік білетін ғалымдар мен мамандар айтып отыр.
Алғашқы таныстырылым баяндамасын жасаған «Қазақстандық атом электр станциялдары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, жасыл экономикаға көшу – заман талабы.
«Жасыл экономиканың бір тармағы – АЭС. Себебі, қазір елімізде ғана емес, әлемде декорбанизация процесі жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бізде көмір энергетикасы басымдыққа ие болып келді. Оның да құрылғылары ескірген, тозған. Жаңа құрылыс нысанын салудың да өз қиындығы бар. Оған қомақты қаражат керек. Көгілдір отынға да шектеу бар. Сондықтан бізде АЭС салудан басқа нұсқа жоқ», – деді Т.Жантикин.
«Қазақстан уран отынын өндіру бойынша бірінші орында. Бүгінде шикі өнімді болмайтын ақшаға шетелге шығарып жатырмыз. Сонау 1990 жылдардың өзінде атом энергетикасын дамыту туралы сөз болды. Әрине, ол кезде қаржылық әлеуетіміз жеткен жоқ. Екінші, Маңғыстауда қарастырылған жоба да іске аспай қалды.
Дегенмен, атом саласы біз үшін таңсық дүние емес. Бізде білікті мамандар да, қаржылық әлеует те жеткілікті. Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық физика институты жұмыс істейді. Олар ұзақ жылдар бойы атом реакторларын пайдаланып келе жатыр, ал бұл реакторлар атом электр станцияларынан айтарлықтай өзгеше емес. Демек, бізде үлкен тәжірибе бар. Соңғы жылдардағы энергия көзінің тапшылығын ескерсек, АЭС салу бастамасын қолдау – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Атом өнеркәсібін дамытсақ, басқа елге тәуелділіктен құтыламыз», – деді Тимур Жантикин.
Бұған дейін АЭС салынатын орын ретінде таңдалған Үлкен ауылында жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілдері, энергетика министрлігі, экология, сейсмика, қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген экологиялық белсенділер мен қоғам қайраткерлері қатысқан қоғамдық тыңдау өткен.
Онда ауыл тұрғындарының көбі атом станциясын салуға қарсы еместігін де жеткізді. Осы тұрғыда Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Бірлесбек Алияров болашақта АЭС салынуы мүмкін Үлкен ауылы сейсмоқауіпті аймақ емес дегенді айтты.
«АЭС салуы мүмкін төрт елдің бірі Францияда АЭС-тің жұмыс істеп келе жатқанына – 50 жыл. Мұнда осы уақытқа дейін ешқандай оқыс оқиға тіркелген жоқ. Ал Фукусимадағы апат табиғи жағдай – цунамиге байланысты. Сондықтан оларға АЭС-ты судың жағасына салмауы керек еді. Қытай қашан да жасырып бағады. Бізде таңдалған Үлкен ауылы сейсмоқауіпті аймаққа жатпайды. АЭС-те су ішкі айналымда және сыртқы айналымда ғана қолданылады. Артық булану болмайды. Бұрын АЭС салуға қарсы болдым. Қазір қолдаймын. Өйткені, қазір заман өзгерді. Көмірқышқыл газы өте қымбат. Шетелде бір тоннасына 200 доллар, ал бізде 6 доллар төлеу керек. Екіншіден, АЭС бар елден ешкім оза алмайды. Әсіресе, біз уранды таблетка түрінде өңдейтін елміз. Яғни, бізде атом энергетикасын өндіруге пайдаланатын дайын өнім бар, – деді Бірлесбек Алияров.
Елімізде АЭС салынса, онда жұмыс істей алатын мамандардың бір парасы – Ядролық физика институтында. Мұнда ядролық физика мен радиациялық қатты дене физикасы саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер мен ядро-физикалық талдау әдістерін зерттеу және қолдану, сондай-ақ өнеркәсіп және медицина үшін радиоизотопты өнімдерді өндіру мен атом энергиясын пайдалану жұмыстары атқарылады. Ядролық физика институтында болашақта Қазақстанда салынатын АЭС-тің құрылымына ұқсас «су-су Қазақстан реакторы» (CCР-Қ) қондырғысы 60 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, бүгінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) АЭС пен атом реакторларына қоятын талабы бірдей. Ал әлемдегі ең қауіпсіз AЭС түрі – су-cу энергетикалық реакторының құрылымы Қазақстанда салынатын АЭС-тің құрылымы іспеттес.
«Біздің институтты Қазақстанда салынатын АЭС-тің прототипі десек болады. Электр энергиясын кім арзан және экологиялық тұрғыдан таза түрде ала алады, сол ешкімге тәуелді болмайды. Бұрын-соңды ең арзан деп есептелген көмір энергиясы қазір тиімсіз. Себебі, әлем елдерінде де мұның қоршаған ортаға, адам өміріне кері әсері туралы айтылып жүр. Ал жасыл энергетикаға жататын күн мен жел энергиясы тұрақсыз. АЭС – базалық электр энегрия. АЭС салатын компанияның барлығы алғашқы 60 жылға кепілдік береді. Шын мәнінде, 100 жыл уақыт дерлік үздіксіз электр энергиямен қамтамасыз ете алады», – деді Ядролық физика институтының бас директоры.
Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Әбішев те атом энергетикасын тұрақты энергия көзіне жатқызады.
«Себебі, БҰҰ атом энергетикасын жасыл энергетиканың қатарына қосты. Өйткені, атом энергетикасын өндіру барысында көміртегі бөлінбейді. Шын мәнінде, көмірден шығатын парниктік газдың экологияға залалы көп. Соған сәйкес, бұдан қуаңшылық мәселесі туындайды. Қазір көп мемлекет декорбанизация мәселесіне орай «Париж келісіміне» қол қойған.
Яғни, жасыл энергетикаға басымдық беріп, екіншіден көмірқышқыл газын шамадан тыс бөлетін энергетикаға инвестиция азаяды. Тіпті, көмірмен немесе мұнаймен жұмыс істейтін жылу станцияларына шетелдік команиялар да инвестиция құймайды. Бергеннің күнінде белгілі бір санкция енгізіп, тежейтін іс-шаралар қолданады. Сондықтан бізде жасыл энергетиканың деңгейі белгілі бір пайыздан төмен болса, айыппұл салуы да мүмкін.
Сондықтан жасыл энергия көздерінің диверсификациясы міндетті түрде қажет. Қазақстанда ұзақ мерзімге арналған жасыл энергетикаға өту бағдарламасы бар. Ал атом энергетикасы жел, күн энергетикасымен салыстырғанда тұрақты электр көзін береді.
Радиофобия жақсы нәрсе емес. Атом энергетикасының дамуы радиомедицина, радиотехнология саласындағы мамандардың көбеюіне мүмкіндік береді.
Жалпы, радиофобия деген жақсы нәрсе емес, екіншіден атом энергетикасын дамыту бізде қажетті мамандардың көбеюіне әкеледі. Қазір ҚазҰУ-да «ядролық инженерия» деген мамандығы ашылды. Бұлар радиотехнологиямен, нақты қолданбалы технологиямен айналысады. Бүгінде «АЭС салынады» дегелі бері осы салаға қызығушылығы артып жатқан жастардың қарасы басым. Бір сөзбен айтқанда, дамыған мемлекет болу үшін онда ядролық технологиямен айналысатын ғалымның саны көп болу керек», – деді Медеу Әбішев.
Айта кету керек, қазіргі кезде жергілікті және шетелдік ұйымдардың тарапынан АЭС-тың орналасатын жеріне қарай сипаттама жасау бойынша баға ұсынысы бар. Осы ұйымдардың ішінде KHNP (Корея), Assystem (Франция), Қазақстанның жобалау және энергоөнеркәсіп институты, сондай-ақ ұлттық ядролық орталық бар. Бұған дейін қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом», француздық EDF пен кореялық KHNP коммерциялық ұсыныстарын жасаған. Сол себепті осы төрт компанияның ұсыныстарын қарастыруға шешім қабылданды. Бұл жерде негізгі басымдық – қауіпсіздік. Яғни, экономикалық тұрғыдан жақсы көрсеткішке ие заманауи үлгідегі 3 және 3+ соңғы буын реакторы қарастырылып жатыр.
Тимур Жантикиннің пікірінше, егер 2024 жылы референдум сәтті өтіп, үкіметтің АЭС-тың орналасу аймағына қатысты қаулысы шықса, сондай-ақ технологияны жеткізетін компания анықталса, 2025 жылы техникалық-экономикалық негіздеме де дайын болады. Бұдан кейін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстары басталады.
Аяулым ШАЙМАРДАН