Freedom Finance компаниясы Алматыда өтіп жатқан ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігі өкілдеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесін жабық режимде өткізуді сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компания өкілдерінің айтуынша, сот барысында банк құпиясына жататын мәліметтер жария етілуі мүмкін. Осыған байланысты олар Алмалы аудандық сотына тиісті өтінішхат берген.
Сот отырысында ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаевтың адвокаты Елена Жигаленок істі прокурорға қайтаруды сұраған.
Freedom Finance өкілдері қылмыстық іс материалдарын зерттеу кезінде банк құпиясын құрайтын ақпарат қаралатынын алға тартып, процесті жабық форматта өткізуді талап етті.
Айта кетейік, бұл іс бойынша сот процесі бірнеше рет кейінге шегерілген. Бұған дейін ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов құрғақ аштық жариялап, кейін денсаулығына байланысты оны тоқтатқанын және сот процесіне толық қатысатынын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ сот бұған дейін Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамақтың орнына қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұған оның бұрынғы бұлтартпау шарасының талаптарын бірнеше рет бұзғаны негіз болған.
Freedom Finance бұл істі компанияның іскерлік беделін қорғау мәселесі деп бағалайды. Компания адвокаты Назерке Ризабекованың айтуынша, агенттік жариялаған ақпараттар бұрыннан сот дауының нысанына айналған және редакция әрекеттері мақсатты ақпараттық науқанның белгілерін көрсеткен.
Ал ҚазТАГ редакциясы бұл айыптауларды жоққа шығарып, жарияланған материалдар азаматтардың өтініштері негізінде дайындалғанын және олардың журналистік қызмет аясында жарияланғанын мәлімдеген.
Қазіргі уақытта тараптардың дәлелдері мен іс материалдарына құқықтық бағаны сот береді.