Freedom Bank клиенттері алған кешбэктерін неге декларациялауы тиіс - министрлік жауабы

Кәмшат Тілеухан 23 мау. 2025 14:19

Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Freedom Bank клиенттері алған кешбэктерін неге декларациялауы тиіс екенін түсіндірді. Сөйтсе кешбэктің өзіне салық салынбайды екен, бірақ оны алушылар декларация тапсыруға міндетті әрі оны жасау өте оңай көрінеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенат дәлізінде журналистерге берген сұқбатында ол банктен шот ашпас бұрын Freedom клиенттері келісімге отырып, құжатқа қол қоятынын еске салды.

"Осы келісімге сәйкес брокерлік келісімшарт ашылады және ондағы сомалар бағалы қағаздарға теңестіріледі. Егер бағалы қағаздарды алсақ, олар бойынша өсім болғанда, бұл туралы жалпыға бірдей декларациялау туралы заңнамаға сәйкес міндетті түрде декларация өткізілуі қажет, яғни 270-нысанды тапсырады. Бірақ, бірден айта кетейін, бұл өсімге салық салынбайды. Біз, тек алынған табысты көргіміз келеміз және осы декларацияда алынған табыс көрсетіледі, бірақ оған салық салынбайды", деді Біржанов. 

Оның мәліметтері бойынша, 2024 жылы кешбэк алған адамдар осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларация тапсыруы керек. Бұл ретте ол жеке тұлғалар жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңінен босатылатынын еске салды. Бірақ Freedom Bank клиенттері жеке тұлғалар бола тұра, алған табыстары туралы есеп беруге міндетті болады. 

"Өйткені бұл кірістер бағалы қағаздардағыдай жүреді, механизмі сондай, бұл клиенттің таңдауы, ол арада Freedom-ға жүгінген соң, үлкен кешбэк болады, үлкен пайыздар жүреді. Әлбетте, декларацияны тапсыру керек. Менің ойымша, декларацияны тапсыру соншалықты қиын дүние емес, әсіресе бұл табысқа салық салынбайды, тек кіріс көрсетіледі, оң айырмасы ғана.  Декларацияны тапсыру ісі автоматтандырылған, декларациялардың 100%-ға жуығы онлайн-режимде тапсырылады. Мемлекеттік кірістер органдарына келу, кезек күту деген секілді проблема жоқ. Бүгіндері оны барлық азамат онлайн режимде тапсыруда", - деді Біржанов. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар