ForteBank СҚО-дағы білім ордаларына қазақша аударылған әлемдік бестселлерлерді тарту етті

Қаракөз Амантай 17 жел. 2024 15:45 465

ForteBank қолдауымен әлемдік алты бестселлер қазақ тіліне аударылып, 3 мың данамен жарық көрді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Петропавл қаласындағы Qyzyljar Creative Center орталығында “Ауылға кітап” жобасы аясында әлемге танымал 6 кітаптың қазақша нұсқасы таныстырылды. Бұл ауқымды жобаға ForteBank қаржылай демеушілік жасап, “Мазмұндама” баспасымен бірлесе отырып, таңдаулы шығармаларды қазақша сөйлетті. Жалпы тиражы – 3 мың дана. Оның 1000 данасы Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептер мен оқу орындарына тегін таратылды.

Аударылған туындылар – The New York Times бестселлерлер тізіміне енген, әлемнің әр түкпірінде мойындалған кітаптар. Атап айтқанда: Джордан Питерсонның “Өмірдің 12 ережесі”, Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсонның “Мемлекеттер неге дамымай қалады”, Тони Шейдің “Қуаныш сыйлау”, Саймон Синектің “Неге деген сұрақтан бастаңыз”, Фрэнк Герберттің әйгілі “Құмбел” романы, Рид Хастингс пен Эрин Мейердің “Ережесіз ереже. Netflix және ерекше басқару мәдениеті”.

“ForteBank бұл жоба арқылы жастарымыздың көкжиегін кеңейтетін, оларды жаңа идеялар мен жетістікке бастайтын кітаптарды ана тілімізде ұсынуды мақсат етті. Әлемдік деңгейдегі туындылар қазақ жастарының шығармашылық әлеуетін арттырып, өз салаларында көшбасшы болуға жігер береді деп сенеміз. Солтүстік Қазақстан облысы – кітаптарды алғаш жеткізген өңір. Жас ұрпақтың қазақ тіліндегі заманауи әдебиетке деген қызығушылығының артуы қуантады. Бұл бізді осындай игі бастамаларды жалғастыруға шабыттандырады”, — дейді ForteBank басқарма төрағасы Талғат Қуанышев.


Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, мектеп директорлары мен білім саласының ардагерлері қатысты. Өз сөзінде Жүсіп Жұмағұлов: “Бұл кітаптарды орыс тілінде оқып едім, енді қазақша нұсқасымен танысуға асықпын. Мұғалімдер мен студенттер бұл еңбектерді зор қызығушылықпен оқып, жаңа идеялар мен кәсіби дамуға жол табары сөзсіз” деп пікір білдірді.

“Әр кітаптың бойында терең даналық, шабыт пен өмірлік сұрақтарға жауаптар бар. Бұл шығармалар оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де үлкен пайдасын тигізеді. Литература – адамды тануға, әлемді ұғынуға жетелейтін құнды қазына”, — деді ардагер ұстаз Сауле Кереева.


Жалпы, ForteBank демеушілігімен жарық көрген үш мың кітаптың бір бөлігі ауылдық мектептерге тегін жеткізілсе, қалғаны кітап дүкендерінде сатылымға шығарылады.

Бұл жоба қазақ жастарының әлемдік ой қазынасына еркін бойлап, білім мен дамудың жаңа белестерін бағындыруына жол ашары сөзсіз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар