Атырау әуежайында Алматы – Атырау бағытымен ұшқан FlyArystan әуе компаниясының ұшағы қону кезінде рулеж жолынан шығып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әуе компаниясының мәліметінше, оқиға 14 қаңтарда болған. FS7202 рейсі қонғаннан кейін әуе кемесі тұраққа бет алып бара жатқан сәтте аз жылдамдықпен рулеж жолынан тысқары шыққан.
Ұшақ бортында 166 жолаушы болған. Барлығы қауіпсіз түрде түсірілді. Жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ.
FlyArystan өкілдері әуежай қызметтерімен және авиациялық билік органдарымен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
