Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасында жаңа қарар бекітілді

Dalanews 17 қаң. 2024 14:05 1127

2024 жылы 17 қаңтарда Еуропалық Парламент депутаттары Еуропалық Одақтың 2019 жылы қабылданған Орталық Азия бойынша стратегиясын бағалау жөніндегі жаңа баяндама-қарарды мақұлдады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Айгүл Құспанның faceboook парақшасына сілтеме жасап.


Оның мәліметінше, құжат «жаһандық және өңірлік геосаяси өзгерістер контекстінде Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның неғұрлым тығыз ынтымақтастығының мүмкіндіктері мен проблемаларын қарастыру» мақсатында әзірленген.


“ЕП Сыртқы істер комитетінің бас баяндамашысы біздің серіктесіміз – неміс еуродепутаты Карстен Люке («Социалистер мен демократтар» фракциясы), қосалқы баяндамашылар – Андрюс Кубилюс («Еуропалық халық партиясы»), Клемен Грошель («Еуропаны жаңарту»), Анна Фотига («Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар»), Виола фон Крамон Таубадель («Жасылдар») және Тьерри Мариани («Сәйкестік және демократия») болды. Баяндаманы дайындау барысында К. Люке Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне екі рет барды, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің, СІМ басшылығымен және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілімен кездесті”, - дейді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан.



Құжатта еуропалық парламентшілер ЕО елдерін «геостратегиялық маңыздылығын» ескере отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылды жандандыруға шақырады.


Еуропалық Парламент ОА елдерімен парламентаралық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуге дайын екендігін білдірді.


Іс-шара барысында Қазақстан-Еуропа саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланған. Осы тұста, Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы өңірлік ынтымақтастықты, оның ішінде өзара байланыс, климаттың өзгеруі және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды. 



Еуродепутаттар Франциско Миллан-Мон (Испания, «Еуропалық халық партиясы») және Андрис Америкс (Латвия, «Социалистер мен демократтар) Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мәселесін тезірек шешудің маңыздылығын атап өтті.


Төрағаның мәліметінше, Қазақстандық делегаттар «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» жобасын және Еуропа мен Азия елдерінің көлік инфрақұрылымын жақындастыруға бағытталған басқа да бастамаларды қолдау, қазақстандық тараптың 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мәлімдеген күш-жігері аясында Еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтастық және басқа да аспектілер мәселелерін көтереді.  


Сонымен қатар депутаттар еуропалық әріптестеріне Қазақстанда сайлау жүйесін реформалауға, Парламенттің рөлін күшейтуге, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік тетіктерге бағытталған ауқымды саяси бастамалардың іске асырылу барысы туралы айтып бергенін мәлімдеді.



Еуропалық депутаттар дайындаған жаңа баяндама Еуропарламенттің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылдың кең спектрін дамытуда аса маңызды рөл атқара алатынын, сондай-ақ еліміздің Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі күш-жігерін қолдай алатынын көрсетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар