Еститін үкімет? Елмен енжар сөйлесетін шенділердің дәуірі келмеске кетті – саясаттанушы

Dalanews 04 қаз. 2022 01:26 1501

Президент Тоқаев билікке келе сала «халық сөзінен құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Концепция мақсатына жетті? Билік пен халықтың арасындағы байланыс қаншалықты жақсарды? Жаңа саяси ұстаным шенді-шекпенділердің санасын өзгертуге септігін тигізді ме?

Dalanews тілшісі мұны саясаттанушы Данияр Әшімбаевтан сұрап білді.

«Еститін үкімет» қағидасы толық жүзеге асқанда ғана Жаңа Қазақстанды құрдық деп сеніммен айта аламыз. Алайда әрбір талапты шегі мен шекарасы бар. Тоқаев осы концепцияны жария еткелі, кейбір азаматтардың тарапынан ақылға сыймайтын орынсыз ұсыныстар айтылып жатқаны да жасырын емес. «Халық сөзіне құлақ асатын үкімет» қағидасы тұтастай алғанда өз нәтижесі берді.

Отыз жылда жоғалып кеткен диалог қайта орнады. Бұл диалог ел ішіндегі кейбір қисық-қыңыр көзқарастағы топтарға ұнамауы мүмкін, әйткенмен бір кездегі халықпен мұрын шүйіріп сөйлесетін шенділердің дәуірі келмеске кетті деуге негіз бар», – дейді сарапшы.

Оның атап өткеніндей «Еститін үкіметі» қағидасы Смайылов үкіметін орнынан қозғап, министрлердің халықпен жұмысқа қатысты көзқарасын өзгерткен.

«Осы күнге дейін министрлер мен әкім-қаралардың жылы кабинеттен шығып, ел аралағанын сирек көруші едік. Жұртпен жүздескен күннің өзінде кездесу алдын-ала әзірленген сценарий бойынша өтетін.


Тоқаев осы «дәстүрді» бұзды.

Министрлер сүрініп-жығылып, жатпай-тұрмай өңірлерді аралап жүр. Ал аймақ басшылар, әкімдер облысқа қарасы аудан тұрғындармен жүздесіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдауда», – дейді Данияр Әшімбаев.

«Еститін ел» қағидасын толық талдап шыққан саясаттанушының пікірінше, президент Тоқаев мұндай кездесулердің монолог емес, диалог негізінде өтуін талап етеді.

«Тоқаев тұсындағы мемаппарат халыққа ақыл үйретуден қашуы тиіс, керісінше елдің пікіріне құлақ асып, дұрыс диалог өрбітуі қажет. Президент шенді-шекпенділерге осындай міндет қойып отыр. Бұл талапқа сай келмейтін, Мемлекет басшысының тапсырмасын ойдағыдай орындай алмаған шенеуніктер біртіндеп орнын босатуда. Бұл үрдіс біраз уақытқа жалғасады. Осылайша уақыт өте келе қоғамның талап-тілегін ескеретін, елдің уәжіне құлақ асатын Үкімет қалыптасады», – дейді Әшімбаев.

Сарапшының пайымдағанындай бұл үрдістен депутаттар да қалыс қалмауы тиіс. Парламенттік сайлауда Мәжілісті елмен енжар сөйлесетін, «ескі Қазақстаннан» келе жатқан ескі-құсқы кадрлардан тазарту қажет.


«Президенттің «халық сөзіне құлақ асатын үкімет» концепциясы халық қалаулыларын да айналып өтпеуі керек. Тәуелсіз депутаттардың шоғырын қалыптастырар болсақ, олар «еститін үкімет» концепциясын іліп әкетін, өрісін кеңейтер еді», – дейді саясаттанушы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар