"Ескі Қазақстанда елден 150-200 млрд доллар заңсыз шығарылған" - Саиров

Көркем Алдабергенова 28 мам. 2025 17:20

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Қазақстанда көлеңкелі экономиканың көлемі бүгінде 42 миллиард долларға жеткен. Оның 15 миллиард доллары криптовалюта арқылы шетелге шығарылған. Депутат мұндай ақшаның болашақта елдегі тұрақтылыққа қауіп төндіретін құралға айналуы ықтимал екенін ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саиров келтірген деректерге сүйенсек, көлеңкелі экономиканың бұл көлемі соңғы үш жылда өзгермеген. Алайда бүгінгі күні криптовалюта арқылы елден кеткен 15 миллиард доллар анықталып отыр. Мемлекеттік органдар мұндай көлемдегі қаражат қозғалысын бақылай алмай отырғанын айтқан депутат елден қанша ақша шыққанын ешкім дөп басып айта алмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, елімізде соңғы 30 жылда шетелге заңсыз шығарылған активтерге кешенді аудит жүргізу қажет.

"Біз мемлекеттің бюджетін тиыннан құрастырып отырмыз. Ал елде 42 миллиард доллар көлеміндегі көлеңкелі экономика бар. Оған қосымша криптовалютамен 15 миллиард доллар кеткен. Бұдан бөлек, шетелдік ақпарат көздері 150-200 миллиард доллардың заңсыз шығарылғаны туралы мәлімет таратты. Міне, бюджетті толықтыратын негізгі резерв осында жатыр", – деді депутат.

Саировтың айтуынша, бұл қаржы іздеуді құзырлы органдар жүйелі және мақсатты түрде қолға алуы тиіс. Егер мұндай қадам жасалмаса, шетелге кеткен қаржы елге қайта оралып, деструктивті күштердің қолына өтіп кетуі мүмкін.

"150 миллиард доллар ертең ел ішін іріткі салу үшін қайта келуі әбден мүмкін. Өйткені біз ел ішінде уақытын күтіп отырған реваншистердің бар екенін жақсы білеміз", – деді Ерлан Саиров.

Мәжіліс кулуарында ол Қазақстан ішіндегі заңсыз активтердің 2 триллион теңгесі қайтарылғанын, ал шетелге кеткен қаржыны елге қайтару әлдеқайда күрделі мәселе екенін де атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар