[caption id="attachment_17495" align="alignright" width="297"] Гүлнар Мамырбаева[/caption]
Әңгімені басынан бастайын. Өткен айдың соңында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының орталық емханасында босандым. Басында бәрі жақсы еді. Енді перзентханадан шығарады деген кезде УЗИ-ге түсіріп, босанған кезде қан толық тазармағаны белгілі болды. Қайтадан тазалаймыз деді. Бірақ ол жолы да толық тазармай, қанның тағы да ұйығаны белгілі болды. Бұл жолы қан көп кетіп, мен әлсіреп қалдым. Емханадағылар тік тұрып, түнімен маған қан құйып, система салып, тазалағанымен, бәрібір дұрыс болмағанын екі күн өткен соң білгенде, несін жасырайын, барлық емхана қызметкерлерінен көңілім қалды және толық сауығуым мүмкін емес шығар деген ойға келдім. Ия, ол емхана басшылары да барын салды. Укол, дәрі-дәрмектi аяған жоқ. Үшінші рет тазалау кезінде жанымның әрең қалғанын айтып, көп қан құйғандарын да жасырмады. Әуелі босанған соң дұрыс емдеуге көңіл бөлмегендері, екінші жолы тазалағанда тағы да сол салғырттықа бой алдырғандарын мойындады. Бұл кезде бәрі де кеш еді. Емхана басшылары ақылдаса келе Есік перзентханасына жөнелтетін боп шешті. Ол жерге барғанда да сенімім аз еді. Тағы тазаласа, қан тағы да тоқтамаса не істеймін деген үрей болды.
Ойлағанымдай, перзентхананың бас дәрігері Гүлнар Мамырбаева ханым қайта тазалаймыз, егер жақсы болмаса жатырыңды алып тастауға тура келеді дегенде, бәрінен түңілдім. Тіпті өмірім қалай болар екен деп те алаңдадым. Бірақ бәрі керісінше болды. Есіктегі операция сәтті өтті әрі одан кейінгі емдеу ісін тыңғылықты жүргізді. Жарты сағат сайын қасыма келіп, тексеріп, халімді сұрап жүрген мейірбикелер, әлсін әлі тексеріп, қадағалауды ұмытпаған Фаина Тұранқызы, жеке өз бақылауында ұстап, бастан-аяқ дәрігерлермен бірге құрақ ұшып жүрген Гүлнар Сағымбайқызы, бәрі де мен үшін ізгі ниетпен қызмет көрсетті. Мен үшін ғана емес, таудың баурайында орналасқан, жаңадан бой көтерген осынау еңселі ғимарат дәрігерлердің жылы мейірімiмен нұрланып тұрғандай сезілді. Бас дәрігер Гүлнар Мамырбаева барлық жұртшылыққа өзі кіріп, өзі тексеріп, ем-домын жеке өзі қадағалап жүреді екен. Өзге емханаларда бас дәрігер келмек түгіл, жағдайыңды айтып барсаң кіре алмайтын кездер көп кезігетінін несін жасырайық. Әр емханада Гүлнар ханым секілді елгезек басшылар болса, көп кетігіміз бүтінделіп, халықтың денсаулығы жақсарар еді-ау...
Сіздерге көп рахмет, қадірлі Перзентхана ұжымы!
Қауын Таңжарыққызы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ақтоған ауылы