Оқиға өткен жексенбі күні болған. Mitsubishi маркалы жол талғамайтын көлік мінген 35 жастағы жүргізуші баланы басып кетті. Noks.kz басылымына сұхбат берген Никитаның әкесі оқиғаның мән-жайын айтып берді.
– Сол күні сағат 12 кезінде ұлыма қоқыс төгіп келуге жұмсадым. Ал қоқысты лақтыру үшін жолдың арғы жағына өтудің қажеті де жоқ. Себебі контейнер дәл үйдің жанында орналасқан. Балам дәл сол контейнерлер алаңында тұрғанда оны джип соққан, – дейді ол.
Соққының қатты болғаны сонша, темір және бетон тосқауыл қирап қалған. Ал контейнер бірнеше метрге ұшып кеткен. Куәгерлер баланы күл-қоқыстың арасынан шығарып алыпты. Баланың телефонын қолды қылған адамдар да болған. Артынан смартофонмен байланыс үзілді. Біреулер оны сөндіріп тастапты. «Он минуттан кейін Никита келмеген соң мен оның мобильді телефонына қоңырау шалдым. Қоңырау барып тұрған. Бірақ ешкім алмады. Ұлым балалармен ойнап кетті деп ойладым да, қоя салдым. Артынан үйге полицейлер келді. Олар ұлымның қалтасындағы кілтке қарап, үйдің нөмірін анықтапты» дейді Никитаның әкесі.
Қалалық ауруханада оған «бас сүйек-ми зақым» деген диагноз қойды. Сол күні Риддерге облыс орталығынан нейрохирургтар келген. Олар баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты. Себебі миы ісіп кетіпті.
Өскемен қаласындағы арнайы бөлімге де әзірше тасымалдауға болмайды. Қазір оқушы бала ес-түссіз жатыр. Ол жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал тамақты зонд арқылы беріп отырады. Көлік жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 2-тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.