Бүгін - еліміз үшін маңызды күн. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін алғаш рет Құрылтай депутаттары, яғни елдің бір палаталы Парламенті өкілдері сайланып жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әкімнің сөзінше, мемлекетте "Заң және тәртіп" қағидаты, мемлекеттік институттардың тиімділігі, азаматтардың таңдауына құрметпен қарау және олардың заңды құқығын қорғау басты құндылықтарға айналып келеді.
"Бүгінгі таңда біздің әрқайсымыз бұл үдеріске өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл күн жастарымыз үшін де маңызды. Сіздер болашақтарыңыз үшін дауыс беріп, азаматтық жауапкершілік таныта аласыздар", - деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысында барлығы 639 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның төртеуі алғаш рет өнеркәсіптік кәсіпорындар аумағында ашылды. Екі учаске Qarmet кәсіпорнында, тағы екеуі Балқаштағы Kazakhmys Smelting пен Нұра ауданындағы "Шұбаркөл көмір" кәсіпорнында орналасқан.
Бұл жұмысшыларға өндіріс орнынан шықпай-ақ өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, облыста әр тұрғынның сайлауға қатысуына қолайлы жағдай жасалған.