Ерлан Саиров «Әділет» тізімінде неге кей депутаттардың жоқ екенін түсіндірді

Ерлан Саиров «Әділет» тізімінде неге кей депутаттардың жоқ екенін түсіндірді
Ашық дереккөз.

«Әділет» партиясының III кезектен тыс съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Алайда тізімнен қазіргі Мәжілістегі бірқатар танымал депутаттардың есімдері орын алған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Атап айтқанда, партиялық тізімге бірмандатты округтен сайланған депутаттар Ермұрат Бапи, Бақытжан Базарбек, Айдос Құспан, Ринат Зайытов және Мақсат Толықбай енгізілмеді.

Журналистердің бұл туралы қойған сауалына Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жауап беріп, кандидаттарды іріктеу мәселесі партия басшылығының құзыретіне жататынын айтты.

«Әділет» деген жаңа партия ғой. Ол жерде партияның басшылығы бар, партияның менеджменті бар. Сондықтан бұл сұраққа сол саяси менеджменттің өкілдері жауап беруі қажет деп ойлаймын. Жаңа құрамның шамамен 85 пайызы Қазақстан саясатында бұрын болмаған жаңа тұлғалар. Сондықтан бұл жердегі ең негізгі мақсат келесі жас буынды саяси сахнаға шығару», – деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар партиялық тізімге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, заңгер Марат Бәшімов, Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрайымы Наталья Годунова, депутат Константин Авершин, саясаттанушы Марат Шибұтов, бұрынғы АХҚО басшысы Ренат Бектұров, қоғам қайраткерлері Рауан Кенжеханұлы, Гүлзира Атабаева, Снежанна Имашева және өзге де кандидаттар енді.

Айта кетейік, «Әділет» партиясының III кезектен тыс съезі Астанада өтті. Делегаттар съезде партияның сайлауалды бағдарламасын, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімін бекітіп, жарғыға өзгерістер енгізді. Партия жаңа Конституция аясында өтетін алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатынын мәлімдеді.