Ерлан Біләл алған парасын қайтаратын болды

Dalanews 31 қаң. 2018 09:42 782



Алматыда Әуезов театрының басшысы Ерлан Біләлдің ісіне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Ерлан Біләлдің қорғаушысы тағы да істі БАҚ-тың қатысуынсыз қарау туралы өтініш білдірді деп жазады ҚазАқпарат.  




Ал куәгер ретінде қатысып жатқан Қайрат Баяновтың қорғаушысы оны азаматтық талап қоюшы деп тануды сұрады.

«Біз Баяновты қылмыстық процесте азаматтық талап қоюшы деп тану туралы өтініш бердік. Айыптау актісімен белгіленген, оның үстіне айыпталушының өзі де жоққа шығармай отырған жайт, ол Баяновтан 600 мың теңге мөлшерінде ақша алған. Біз бұл ақшаны иесіне қайтару туралы азаматтық талап қойдық. Жалпы шығын мөлшері 600 мың теңге – Баянов өз қаражаттары есебінен берген сома. Ол қылмыстық істің материалдарына қосылған жоқ. Біз, сондай-ақ Баяновқа келтірілген мүліктік залалды да қостық, қорғаушы шығынына 50 мың теңге, осы іске қатысты куәгерге жүктелген өзге шығындар үшін 21 мың теңге. Осы қаражатты өтеуді сұраймыз», – деді Қайрат Баяновтың қорғаушысы Рамиля Мұхамедиева.
Айта кетейік, сотта журналистерге аудиожазба, фото-видеоға түсіру тыйым салынды. Алайда сот процесіне қатысуға рұқсат берілді. Сотқа судья Қуаныш Әріпов төрелік етуде.

Сотқа дейінгі тергеу амалдарының мәліметіне сүйенсек, Біләлов “Сезам” қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Қайрат Баяновтан 1,5 миллион теңге көлемінде пара алмақшы болған.

Қайрат Баянов әзірге сотқа куәгер ретінде қатысуда.

Еске сала кетейік, Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл пара алу кезінде ұсталған еді. Бұған дейін Біләл 1 миллион 205 мың теңге көлемінде кепілге ақша төлеген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар