Еркебұлан Ақболатов: «Жастардың басты мәселесі – баспана»

Dalanews 08 қыр. 2020 15:03 1364

Айдарынан жел ескен мемлекеттің әр жасы – қоғамның қозғаушы күші. Жас буын жарқын болашақтың кепілі, үлкен өмірдің тұтқасын ұстаушы тұлға. Кез келген елдің ертеңінің кемел болуы бүгінгі жастың жасындай жарқырауымен  тікелей байланысты. 

Өз Отанының отын өшірмейтін, қонған тұғырынан түспейтін, қолындағы туын құлатпайтын буынның бұғанасын бекіту қоршаған ортаның, сайып келгенде мемлекеттің мерейлі міндеті. «Жастар – ел дамуының негізгі тетігі» деп бекер айтылмаса керек-ті.

Сондықтанда,  елімізде жастар саясатына көп көңіл бөлуде. Осыған орай,  тарих беттеріндегі алғашқы парағын ашқан, су жаңа Жетісу облысының «Жетісу Жастары» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатовтан өңірдегі жастар саясатының аяқ алысы туралы сұрап білдік.

Дәл қазіргі Жетісу облысында 128 мың жас бар. Оның ішінде 5%-ы  NEET санатындағы жастарды құрайды. Ресми мәліметтер осындай деректі көрсеткенімен «Жетісу Жастары» мекемесі бұл мәселені өз бетінше зертеуге көшкен. Мақсат – жұмыссыз, еш жерде білім алмайтын азаматтардың нақты санын анықтау, өз кезегінде оларды қоғамдық өмірге бейімдеу.

– Біз ресми мәліметтерге көп жағдайда сүйенбейміз. Өйткені, ол жердегі ақпараттың қалай жасақталатын білмейміз. Сондықтанда жергілікті атқарушы органдар мен полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, аулалық рейд жүргіземіз, – дейді Еркебұлан Ақболатов. 


Бүгінгі күні «Аулалық рейд» нәтижесінде Жетісу облысында NEET санатындағы 771 азамат анықталған.

Еркебұлан Ақболатовтың айтуынша, олардың ары қарай жетілуіне демеу беру мақсатында түрлі шаралар қолға алынған. Бүгінгі күні жұмыссыз жастар үшін «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасы және оның өңірдегі филиалдарымен бірлесе отырып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Мәселен, биылғы жылы 2100 жұмыс орны ұсынылған, ал жалпы жәрмеңкеге 2190 адам қатысқан. Олардың 1300 тұрақты жұмыспен қамтылып үлгерді.

Жастар саясатының кезекті тармағы мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында насихаттау. Сәйкесінше, «Дипломмен ауылға!», «Серпін – 2050» «Алғашқы жұмыс орындары», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» жәнеде кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде түрлі гарнттық жобаларды жас буын арасында кеңінен таныту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардан жетісулық жастар қалыс қалып жатқан жоқ.

Сонымен қатар, облыс көлемінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту тұрғысында біршама істер жүзеге асуда.  Рухани құндылықтар да назардан тыс қалмаған.

Салт-дәстүрді жаңғырту, жастардың тарихқа деген көзқарасын қалыптастыру мен діни эсктремизмнің алдын алу үшін жүйелі түрде теологтармен кездесулер өткізіліп тұрды.

– Жастар ресурстық орталығының бастамасымен жүзеге асқан, биылғы жылдың жарқын жобасы – «Жанды Арбат». Бұл шара өнер сүйер қауым мен қолөнершілерді қолдау мақсатында іске асты, – деп атап өтті Еркебұлан Ақболатов.


Сондай-ақ, «Жетісу Жастары» мекемес негізінде ашық аспан астындағы кино көрсетілімдер мен караоке кештері ұйымдастырып тұрады. Бұлардың барлығы да өнерін шыңдаймын деген азаматтар үшін жасалған үздік жобалардың қатарында десек артық айтқандық емес.

– Жылдың басы елді есеңгіретті. Тарихта «Қаңтар оқиғасы» деген атпен қалған үлкен наразылық өтті. Бұл көтеріліске қатысқандардың басым бөлігі «жастар» деген сынның астында қалдық. Талай адамдар жауапқа тартылғаны жасырын емес. Қазіргі кезде біздер өз тарапымыздан алаңға шығып, жеңіл жазаға тартылған жастармен жұмыс істеп жатырмыз, – деп сөзін сабақтаған Еркебұлан Ақболатов, аталған азаматтармен әлеуметтендіру бағытында бірлесе жұмыс жасап жүргендерін алға тартты.

Қаралы қаңтарда басына қара бұлт үйірілген адамдармен жұмыс істеу жалғасын табуда. Бүгінгі күні жастар орталығы дәл осындай 32 азаматпен жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалардан бастап, арнайы гранттарға қалай қол жеткізу керектігін айтып, жол көрсетуде.

Мысалы, «Zhas Project» жобасынан Қаңтар оқиғасына қатысқан азаматқа 1 млн теңге грант ұтып алуына көмектесіп, бағыт-бағдар берген. Одан бөлек зардап шеккен адамдарға тегін медициналық тексеруден өтуіне мүмкіндік жасаған жайы бар.

Жоғарыда аталған істер өткен жылдың есебіне жазылып, қанжығасында кеткен еді. Осындай келелі шаралар келер жылы да өз жалғасын табады деп күтілуде.

Сөзіміздің бір дәлелі, алдағы жылы спорт сүйер қауымның басын бір арнаға тоғыстыру мақсатында «Жетісу лигасы» жалауын желбіретуі ықтимал. Бұл лигага футбол, волейбол, баскетбол, шахмат және көкпар сынды 5 спорт түрі кіреді. Лига олимпиадалық жүйе бойынша өтпек. Аталған  жарысқа облыстың түкпір-түкпіріндегі барлық жастар қатыса алады.

Келесі бір қолға алынатын іс – «Базар жастары». Осының аясында жұмыссыз, я болмаса, базарда жүрген, зауытта еңбек ететін жастарды әлеуметтендіруге көптеп көңіл бөлінбек. Олар түрлі шараларға жұмылдырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылмақ.

– Қазіргі кезде облыс орталығы Талдықорған қаласының базарында жұмыс жасап жүрген жастармен «WhatsApp» желісінде құрылған ортақ тобымыз бар, міне сол жерде жастарымыздың ұсыныс тілектерін тыңдаймыз. Бүгіндікке олардың тарапынан спорт түрлерінен сайыстар ұйымдасытруға қатысты өтініштер келіп жатыр, – деді Еркебұлан Ақболатов.


Келешекте қолға алынатын жоба «Ауыл жастар» деп аталады. Мұнда да спорттық және мәдени шаралар өтеді. Бұдан бөлек, ауылды жердегі жастардың кәсіпке келуіне мүмкіндік беріп, жол ашу үшін арнайы семинар-тренингтар өткізу жоспарда бар.

«Жетісу Жастары» КММ көздеген басты нысана – ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жастарға, яғни балалар үйінің тәрбиеленушісіне кәсіптік бағдар беру.

– Олардың жөн сілтер ағайын-туысы, етжақындары жоқ. Ертең балалар үйінен түлеп кеткен соң, үлкен өмірде жол табуда қиынға соқпасын деген ниетпен жетім балаларға қолдау көрсетуді өзімізге міндет етіп алып отырмыз. Қазір 9-10 сынып оқитын балалар үйінің тәрбиеленушілерінің ішінен 32 баланы таңдап алдық. Енді оларға болашақ мамандығын таңдауға көмектесеміз. Қазақ «жетім көрсең, жебей жүр» дейді, оларға қолдау көрсету азаматтық парызымыз, – деген ойында жеткізді Еркебұлан Ақболатов.

Сондай-ақ, келер жылы жетім балаларға арнайы бизнес-идеялар үшін 500 мың теңге көлемінде грант тағайындау да жұмыс жоспарына бекітілген екен.

Жастардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етуге ден қойылған.

Бұл бағыттағы істер қос аймақ екі облысқа бөдінбей тұрғанда өз бастауын алып, қаңқасы құрылған болатын, облыстың бөлінуіне байланысты бұл жоспар кейінге қалдырылды.

Көптің көңілінен шыққан тың жоба  «0-5-25» жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы еді. Бүгінгі күні екі облыстан аталмыш бағдарлама шеңберінде  50 пәтерден бөлінеді деп күтілуде. Еркебұлан Ақболатовтың сөзіне сенсек, бюджет қаражаты нақты бекітілген жағдайда жобаны іске асыруға бірден кірісетін болады.

Егер, аталған бағдарлама бастау алса, 29 жасқа дейінгі әр бір облыс тұрғыны, конкурсқа қатысып, бірінші және екінші деңгейлі тұрғын үйден пәтералуға мүмкіндік алады. Бұл тек қана облыс орталығында емес аудандық жерлерде де іске асатын болады.

– Тұрғын үй бағдарламасын іске қосудағы басты себеп, жастардың баспанадан тарлық көруімен байланысты, – дейді Еркебұлан Ақболатов.


Жастардың қатысуымен өтетін ауқымды шаралардың жүзеге асуына өңірдегі Жастар ресурстық орталықтарының барлығы бірдей жұмылдырылады. Айта кетейік, Жетісу облысында 1 облыстық, 2 қалалық, 8 аудандық Жастар ренсурстық орталығы қызмет көрсетуде.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар