ERG темір кенін барлаумен айналысқан үш компаниясын таратады

ERG темір кенін барлаумен айналысқан үш компаниясын таратады
Фото: ЖИ

Eurasian Resources Group (ERG) темір кені жобаларына қатысы бар үш еншілес компаниясын тарату туралы шешім қабылдады. Топтың шоғырландырылған қаржылық есебіне сәйкес, мұндай шешім 2026 жылғы мамырда қабылданған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Nege Aqsha мәліметінше, әңгіме ERG Exploration құрылымына кірген "Надеждинское", "Джаркульское" және "Елтай-4" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері туралы болып отыр. Алғашқы екі компаниядағы ERG Exploration үлесі 85 пайызды, ал «Елтай-4» компаниясындағы үлесі 81 пайызды құраған. Қалған үлестер «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі.

Қаржылық есеп деректеріне қарағанда, аталған компаниялардың жобалары темір кені орындарын барлауға немесе оларды игеруге дайындауға бағытталған. ERG «Елтай-4» жобасының келісімшарттық аумағын мемлекетке қайтару рәсімін 2023 жылы бастаған. Алайда 2025 жылдың соңына қарай бұл жұмыс әлі толық аяқталмаған.

Үш компанияның таратылуы ERG-дің Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарынан толық бас тартқанын білдірмейді. 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, ERG Exploration компаниясында жер қойнауын пайдалануға арналған 18 лицензия болған. Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы бірқатар учаскеге берілген құқықтардың қолданылу мерзімі 2028–2030 жылдары аяқталады.

ERG Exploration геологиялық барлаудың толық циклін жүзеге асырады. Компания далалық және геофизикалық зерттеулер жүргізіп, бұрғылау жұмыстарымен және кен орындарын модельдеумен айналысады. ERG өзі үшін боксит, хром, марганец және басқа да металдарды басым бағыт ретінде белгілеген.

2025 жылы ERG Exploration компаниясының кірісі 5,3 млрд теңгені құрады. Соған қарамастан, компания жылды 325 млн теңге шығынмен аяқтаған.