Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі Анкара аспанында атып түсірілген ұшқышсыз ұшу аппаратына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство Украина мен Ресейге Қара теңіздегі қауіпсіздік жағдайын ушықтыратын әрекеттерге бармау керегін ескертті.
«Украина мен Ресей арасындағы жалғасып жатқан соғысқа байланысты біз өз әріптестерімізге Қара теңіз қауіпсіздігіне қатысты осындай жағымсыз факторлар тұрғысынан екі тараптың да барынша сақ болуы қажет екенін ескерттік», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
15 желтоқсан күні кешке Түркия Қорғаныс министрлігі Қара теңіз жақтан елдің әуе кеңістігіне жақындаған ұшқышсыз аппаратты Түркия Әуе күштерінің F-16 жойғыштары атып түсіргенін хабарлады. Түрік әскері оны қауіпсіздік мақсатында жойған.
«Жүргізілген бағалау нәтижесінде әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтарымыздың өмірі мен мүлкін қорғау мақсатында бақылаудан шыққандай көрінген ұшқышсыз ұшу аппараты F-16 жойғыштарымен ілесіп жүріп, қажетті рәсімдер аяқталған соң ең қолайлы жерде бақыланатын манёвр барысында жойылды», – деп атап өтті ведомство.
Анкара дронның қай елге тиесілі екені нақтылаған жоқ. 18 желтоқсанда Түркия Қорғаныс министрлігі жойылған ұшқышсыз аппараттың ұсақ бөлшектерге ыдырап, үлкен аумаққа шашылғанын мәлімдеді. Осыған байланысты оның шыққан тегін анықтау қиынға соғып отырғаны айтылды.
Ұшқышсыз аппаратқа байланысты болған оқиға Түркияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиолокациялық жүйелерінің тиімділігі жөнінде сұрақтар туғызды.
Алайда Түркия Қорғаныс министрлігі бұл сындарды жоққа шығарып, «әуе кеңістігін бақылау көпдеңгейлі әрі интеграцияланған архитектура арқылы тәулік бойы жүзеге асырылады» деп мәлімдеді.
Жуырда Режеп Тайып Ердоған да Украина мен Ресейге Қара теңіздегі кемелерге жасалған шабуылдарға байланысты «ескерту» жолдаған.
«Соңғы өзара шабуылдар Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді. Коммерциялық және азаматтық кемелерге шабуыл жасау ешкімге пайда әкелмейді. Біз бұл мәселе бойынша ескертулерімізді екі тарапқа да анық жеткізіп отырмыз», – деді Ердоған.
