Еуропалық одақ Ресейге қарсы қабылданған 21-санкциялар пакеті аясында Қазақстанда тіркелген екі компанияны экспорттық бақылау күшейтілетін ұйымдар тізіміне енгізді. Олар – Астанадағы "ТауКЗ" және Петропавлдағы "КБР-Технологии", деп хабарлайды dalanews.kz.
ЕО-ның мәліметінше, аталған компаниялар Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенімен байланысы болуы немесе Ресейге қатысты экспорттық шектеулерді айналып өтуге әсер етуі мүмкін деген күдікке ілінген. Осыған байланысты енді бұл ұйымдарға Еуропадан қос мақсаттағы тауарлар мен технологияларды жеткізуге қатаң шектеулер қойылады. Олардың қатарында микроэлектроника, сандық бағдарламамен басқарылатын станоктар және жартылай өткізгіштер өндірісіне арналған жабдықтар бар. Алайда ЕО құжатында қазақстандық әр компанияға қатысты нақты дәлелдер келтірілмеген.
Бұл шешім Қазақстанның өзіне немесе елдің банк жүйесіне қарсы санкция енгізілгенін білдірмейді. Шектеулер тек аталған екі компанияға қатысты қолданылады. Олар Қазақстанда қызметін жалғастыра алады, бірақ Еуропадан жабдық, технология және осыған байланысты қызметтерді сатып алу айтарлықтай қиындайды.
Сонымен қатар сарапшылар мұндай шектеулердің жанама салдары болуы мүмкін екенін айтады. Санкциялық тізімге енген компаниялармен жұмыс істейтін банктер, сақтандыру ұйымдары, тасымалдаушылар мен шетелдік серіктестер төлемдерді ұзақ тексеруі, қызмет көрсетуден бас тартуы немесе ынтымақтастықты тоқтатуы ықтимал.
Айта кетейік, бұл екі компания бұған дейін де халықаралық санкцияларға ілінген. "ТауКЗ" 2024 жылдың қарашасында Ұлыбританияның санкциялық тізіміне енсе, "КБР-Технологии" 2024 жылдың маусымынан бері АҚШ санкцияларына енгізілген.