Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында бірнеше қаладағы жылу электр орталықтарының құрылысы неліктен әлі басталмағанын сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еділ Жаңбыршин премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.
"Бүгінде Қазақстанның бай ресурстық әлеуетіне қарамастан, энергетикалық жүйеміздің беріктік қоры ең төменгі шекке жетті, яғни ел іс жүзінде "энергетикалық тығырыққа" тірелді. Бұл ескірген технологиялармен жұмыс істейтін энергетикалық нысандар мен инфрақұрылымның әбден тозуына және заманауи шешімдерді қолдана отырып, уақтылы жаңғыртылмауына байланысты.
Мұнай-газ секторын есептемегенде, еліміздегі көмір қоры 33 млрд тоннаға бағаланады, бұл тиімді пайдаланған жағдайда үш ғасырға жетеді. Көршілеріміз көмір отынымен жұмыс істейтін экологиялық таза әрі икемді генерацияны игеріп үлгерді. Ал біз әлі күнге дейін зиян әрі тиімсіз ескі технологияларды жамап-жасқап ұстап отыруға мәжбүрміз", - деді ол.
Депутат Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытуды ұлттық жоба деңгейіне шығару туралы нақты тапсырма бергенін еске салды.
"Әңгіме ескі, экологиялық тұрғыдан тиімсіз технологияларға қайта оралу туралы емес, тиімділігі жоғары және қоршаған ортаға түсетін салмағы минималды жаңа буын электр станцияларын салу туралы болып отыр. Эономиканы сенімді әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз етпейінше, индустрияландыру нақты мазмұнынан айырылады, ал цифрландыру тек декларация күйінде қалу қаупі бар.
Қазіргі кезеңнің ең өзекті мәселелерінің бірі – стратегиялық маңызы бар энергетикалық жобалардың көп жыл бойы қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде жүзеге аспауы. Мұны жай ғана басқарушылық кешігу емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін фактор ретінде қарастыру керек", - деді Жаңбыршин.
Сонымен қатар, депутат 2022 жылы қыста Екібастұз қаласында жылу беру жүйесінде ірі апаттар болғанын, дәл сол кезеңде Риддер қаласында да осындай жағдай қайталанғанын айтты.
"Бұл деректер кездейсоқ оқиғалар емес, жылдар бойы жинақталған жүйелі проблемалардың көрінісі екенін дәлелдейді. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай алаңдатарлық белгілер әртүрлі аймақтарда қайталанып жатыр. Биылғы жылыту маусымында Ақтау және Теміртау қалаларында жылумен қамту мәселелері тіркелді. Әрбір осындай жағдай "коммуналдық айдаһардың" әлі де болса толық ауыздықталмағанын көрсетеді", - деді ол.
