Энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуде АЭС-тің орыны ерекше

Асхат БЕКБАЕВ 07 там. 2024 18:05 1678

Атом саласының Қазақстандағы дамуы туралы айтатын болсақ, келешекте оның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Өйткені еліміздегі атом саласының дамуы өте қызықты және көп қырлы тарихы бар. Бүгінде Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі болып табылады, бұл атом энергетикасы саласындағы үлкен құзыреттілігі бар екенін көрсетеді.

Қазіргі таңда уран өндіру жағынан Қазақстан әлемдегі ең ірі уран экспорттаушы елдердің бірі. Бұл ел экономикасы үшін маңызды ресурстардың бірі болып табылады.

Қазақстанда ядролық ғылыми-зерттеулерді жүргізетін бірнеше институттар бар. Олар ядролық физика, радиациялық қауіпсіздік және басқа да байланысты салалар бойынша зерттеулер жүргізумен ғылыми негізде айналысады. Солардың бір һәм бірегейі Алматыда орналасқан Ядролық физика институты мен Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық.

Иә, Қазақстанда әзірге ірі атом электр станциялары жоқ. Алайда, Ақтау қаласындағы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор жұмыс істейді.

Қазақстанда атом саласы үшін мамандар даярлайтын бірнеше жоғары оқу орын бар. Олар ядролық физика, радиациялық қауіпсіздік және басқа да байланысты мамандықтар бойынша мамандарды дайындайды. Олардың қатарында – ҚазҰУ, ЕҰУ, ШҚУ, Shakarim University, Satbayev University, АУЭС сынды оқу орындарын атауға болады.

Сонымен қатар Ядролық физика институтының базасында 2010-шы жылға дейін Қазақстанның атом саласына 300 жуық физика-математика ғылымдарының кандидаттары мен докторлары даярланды. Осы ретте инститтың 6МВт-тық ССР-Қ зерттеу реакторы жұмыс істейді. Одан басқа 6 үдеткіш бар, 2010 жылдан бастап бакалавр, магистр және де PhD докторлары халықаралық деңгейде қарқынды және де сапалы дайындалып жатыр.

Бұл көрсеткіштер Қазакстанның атом саласындағы мамандардың тапшылығы жоқ екенін анық көрсетеді. ССР-Қ зерттеу реакторы 57 жыл мүлтіксіз өз жұмысын толық атқарып келеді. Осы таңға дейін бірде-бір апаттық жағдай болған емес. Сонымен қатар бұл реактор халықаралық ұйымның (МАГАТЭ) үнемі бақылауында. Айта кететін жайттардың бірі ол АЭС-ке және де зерттеу реакторларына халықаралық ұйымның тарапынан қауіпсіздік және пайдалануы жағынан қойылатын талаптар бірдей болады.

АЭС салу – бұл өте күрделі және қымбат жоба. Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігі туралы әртүрлі пікірлер бар.

Артықшылықтарын айта кететін болсақ ол:

   * Энергетикалық тәуелсіздік.

   * Экологиялық таза энергия көзі.

   * Жаңа жұмыс орындарының пайда болуы.

   * Ғылыми-техникалық прогрестің дамуы.

 Кемшіліктері:

   * Жоғары құны.

   * Радиациялық қауіпсіздік мәселесі.

   * Радиоактивті қалдықтарды сақтау мәселесі.

Қазақстанның экономикалық және де әлеуметтік жағынан дамуына өз үлесін қосатын ол энергетикалық тәуелсіздік екенін айдан анық.

Ал сол тәулесіздікті қамти алатын ол тұрақты электр қуатын өндіретін атом электрстанциялары. Өйткені адамзат осы таңға дейін басқа тұрақты электр қуатын өндіретін әдісін ойлап шығармады.

Жоғарыда айтылған атом саласындағы жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары, кадрларды даярлау және де басқа қатысты сұрақтары бойынша, осының бәрі Қазақстанның АЭС салуға толықтай қауқары бар екенін көрсетеді.

Қазақстанда атом саласының болашағы зор екенін өз басым сенімдімін.

Асхат БЕКБАЕВ

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар