Солтүстік өңірлерге қоныс аударуды ынталандыру мақсатында мемлекет азаматтарға баспана сатып алуға 7 млн теңгеге дейін қаржы бөледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Хабар арнасының мәліметінше, бұған дейін бұл төлемнің көлемі 4,5 млн теңге болған.
Жаңа талапқа сәйкес, қоныс аударушылар баспананы өз қалауынша таңдай алады, ал егер тұрғын үй құны белгіленген сомадан асып кетсе, бөлінген қаражат ипотекалық несиенің бір бөлігін өтеуге бағытталады.
Үкімет солтүстік аймақтарға көшетін азаматтарға кешенді қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, отбасының әрбір мүшесіне біржолғы ақшалай көмек беріледі, жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқыту, сондай-ақ кәсіп ашуға жәрдем қарастырылған.
Биыл өңірлік квота аясында 8 278 адамды қоныстандыру жоспарланған. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына - 2 820, Павлодар облысына - 1 655, Шығыс Қазақстанға - 600, Қостанай облысына - 485, Абай облысына - 275, Ұлытау облысына - 125, Қарағанды облысына - 37 адам бөлінген.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, қоныс аударушыларға әр отбасы мүшесіне 302 мың теңге көлемінде біржолғы төлем, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық шығындарды өтеу көзделген. Сонымен қатар, экономикалық мобильділік сертификатының мөлшері 1 160 АЕК-тен 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылып, шамамен 7 млн теңгеге жеткен.
Қазіргі таңда солтүстік өңірлерде, әсіресе медицина, білім және мемлекеттік қызмет салаларында кадр тапшылығы байқалады. Мәселен, Ұлытау облысында жүздеген бос жұмыс орны бар. Осыған байланысты оңтүстік өңірлердің тұрғындарын тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Бағдарламаға қатысқан қоныс аударушылардың бірі Лиза Нұрділла Түркістан облысынан Ұлытауға көшіп келгенін, уәде етілген көтермеақы мен қызметтік баспана алғанын айтты. Ал Маңғыстау облысынан Солтүстік Қазақстанға қоныс аударған Нұрбол Мұқашев бүгінде мал шаруашылығымен айналысып, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін дамытып отыр.
