Енді қазақстандықтар кредитті бірден ала алмайды

Көркем Алдабергенова 05 қыр. 2025 11:27

Онлайн-кредит берудің жаңа ережелері кімдерге әсер ететінін және олар қалай іске асатынын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

30 қыркүйектен бастап елде тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыз беру кезінде «Шешім қабылдау кезеңі» қолданылады. Енді ақша картаға кешігіп түседі:

  • банктік қарыз шарты жасалғаннан кейін кемінде 8 сағаттан соң – қарыз сомасы 150 АЕК-тен (589 800 теңге) 255 АЕК-ке дейін (1 002 660 теңге) болса;
  • кемінде 24 сағаттан соң – банктік қарыз 255 АЕК-тен (1 002 660 теңге) жоғары немесе микрокредит 75 АЕК-тен (294 900 теңге) жоғары болса;
  • ақша қарыз алушыға тек белгіленген шешім қабылдау кезеңі өткен соң, оның келісімін алғаннан кейін ғана аударылады.

Егер азамат бір күн ішінде бірнеше қарыз алып, олардың жалпы сомасы көрсетілген лимиттен асып кетсе, банктер мен микроқаржы ұйымдары да «шешім қабылдау кезеңін» сақтауға міндетті. Қарыз алушы осы уақыт ішінде ойын өзгертіп, кредиттен бас тартса, қарыз шартының күші жойылады.

Жаңа ережелер тауарлық кредиттерге, ішкі қайта қаржыландыруға және төлем картасы лимиті шегіндегі қарыздарға (150 АЕК-ке дейін – 589 800 теңге) қолданылмайды.

«Шешім қабылдау кезеңінің басты мақсаты – қарыз алушыға шешімін ойланып қабылдауға уақыт беру және қарыз шартын асығыс жасасу немесе алаяқтық схемаларға тартылу ықтималдығын азайту. Егер қарыз алушыға қаражат шұғыл қажет болса, ол әрқашан банк немесе МҚҰ бөлімшесіне жүгініп, шешім қабылдау кезеңінсіз қарыз рәсімдей алады», – делінген агенттік хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар