Қазақстанда гуманоид роботтар шығаратын өндіріс құру жоспарланып отыр. Жоба халықаралық AgiBot технологиялық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл туралы Ғылым және Жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жоба Астанадағы Alem.ai алаңында өткен Qazbot Robotics Forum барысында таныстырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, технологиялық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Жоспар бойынша Қазақстанда гуманоид роботтар мен Embodied AI технологияларын әзірлеу және өндіру қолға алынады. AgiBot компаниясымен серіктестік аясында шетелдік технологияларды елде жергіліктендіру, инженерлік құзыреттерді дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау көзделген.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бастаманың мақсаты дайын технологияларды пайдаланумен ғана шектелмей, Қазақстанның өзіндік ғылыми және инженерлік әлеуетін қалыптастыруға бағытталған.
"Біздің міндетіміз – дайын технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, Қазақстанда өзіміздің инженерлік және ғылыми құзыреттерімізді қалыптастыру. Гуманоид роботтар өндірісі университеттерді, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс. Бұл – мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерден бастап, технологиялық шешімдерді әзірлеу және оларды өнеркәсіпте қолдануға дейінгі толық цикл", - деді министр.
Қазіргі уақытта қазақстандық жоғары оқу орындарында робототехника, мехатроника, өнеркәсіптік автоматтандыру, интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект бағыттары бойынша 56 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Студенттердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамыту үшін AI-Sana бағдарламасы да іске қосылған.
Қазақстандық университеттер мен AgiBot арасындағы ынтымақтастық жеке бағыт ретінде дамытылады. Оның аясында ғалымдар, оқытушылар және студенттер гуманоид робототехника мен жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге тартылады. Сонымен қатар, озық робототехникалық технологияларды отандық өнеркәсіптің қажеттіліктеріне бейімдеу жоспарланған.
Жобаға Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) да қатысады. Институт гуманоид робототехника саласындағы ғылыми зерттеулер мен жүйелік интеграцияға жауапты серіктес болады.
Форум барысында Саясат Нұрбек QAZBOT және AgiBot басшыларымен кездесіп, инженерлік кадрлар даярлау, бейінді зертханалар ашу және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ студенттер мен ғалымдарды гуманоид роботтарды әзірлеуге бағытталған жобаларға тарту жайы сөз болды.
Жобаны жүзеге асыру арқылы білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, Қазақстанда робототехника мен жасанды интеллект саласындағы өзіндік технологиялық база қалыптастыру көзделіп отыр.