Енді әрбір азамат өз ауылының дамуына ықпал ете алады

Dalanews.kz 01 мам. 2026 15:00

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жаңа Конституцияның ел өміріне тигізетін нақты әсері туралы айтып берді. Оның сөзінше, құжат қоғамның ішкі сұранысынан туындаған заңды әрі уақытылы қадам болып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Соңғы жылдары ел ішінде әділдікке, ашықтыққа және халықтың мемлекеттік басқаруға кеңінен қатысуына деген қажеттілік айқын сезілді. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдум азаматтардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын және саяси жүйені жаңғыртуға дайын екенін көрсетті. Жаңа Конституцияның басты айырмашылығы – биліктің шектен тыс орталықтануын азайтып, оны теңгерімді әрі тиімді модельге көшіруінде», – деді депутат.

Нұртөре Жүсіптің айтуынша, жаңа Конституция күнделікті өмірде нақты өзгерістер әкеледі. Ол бұрын құқықтар көбіне қағаз жүзінде ғана қалса, енді оларды қорғаудың тиімді механизмдері пайда болғанын айтты.

«Азаматтар өз құқықтары бұзылған жағдайда тікелей Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің дамуы арқылы халық өз өңіріндегі мәселелерді шешуге қатыса алады. Яғни әрбір азамат өз ауылының, қаласының дамуына ықпал ете алады», – деп атап өтті сенатор.

Жаңа Конституция еліміздің дамуын демократиялық, теңгерімді басқару моделіне көшіреді.

«Ендігі басты қағида – “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет”. Бұл билік тармақтарының арасындағы нақты тепе-теңдікті қамтамасыз етеді және әрқайсысының жауапкершілігін арттырады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл еліміздің тұрақтылығын нығайтып, экономикалық дамуға оң әсерін тигізеді», – дейді Нұртөре Жүсіп.

Сенатордың сөзінше, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде бекітілген.

«Жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екендігі айқындалып, оларды пайдалану кезінде халық мүддесінің басымдығы қамтамасыз етіледі», – деді сенатор.

Нұртөре Жүсіптің пікірінше, қарапайым азамат Конституция мәтінін толық оқымаса да, оның нақты әсерін күнделікті өмірде сезінеді. Әділ сот шешімдері, мемлекеттік органдардың ашық әрі есеп беретін жұмысы, өз өтініштеріне жедел әрі нақты жауап алу арқылы адамдар бұл өзгерістерді байқайды. Уақыт өте келе жергілікті деңгейде халықтың пікірі ескеріліп, шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігі артқан сайын реформалардың шынайы әсері күшейе түседі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove