Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Егер азамат немесе отбасы Цифрлық отбасы картасында «А» (жоғары әл-ауқат) немесе «В» (дәулетті) санатына жатқызылса, кейбір төлемдер тағайындалмауы немесе тоқтатылуы мүмкін.
Шектеу енгізілуі ықтимал төлемдер қатарында:
- бала тууға байланысты жәрдемақы;
- бала күтімі бойынша төлемдер;
- көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;
- мүгедектігі бар адамды күтуге байланысты төлемдер;
- асыраушысынан айырылу бойынша кейбір төлемдер;
- арнайы мемлекеттік жәрдемақылар және басқа да төлемдер бар.
Отбасының жағдайын бағалау кезінде табыс, тұрғын үй, мүлік, жұмыспен қамтылу және кредиттік міндеттемелер туралы деректер ескеріледі. Сонымен қатар жәрдемақы алушылар мен отбасының кәмелетке толған мүшелері жеке деректерді тексеруге келісім беруі тиіс. Келісім болмаған жағдайда төлем уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Алайда мүгедектігі бар балаларға төленетін жәрдемақы, кейбір асыраушысынан айырылу төлемдері және бірқатар арнаулы санаттарға берілетін төлемдер бойынша ерекшеліктер қарастырылған.